Наурыз – ұрпақтар сабақтастығының белгісі саналатын, табиғат тіршілігі түрленетін, ұлттық мәдениетімізді қайта түлететін ерекше мереке.
Биыл Шәкәрім Жоғары колледжі/Shakarim Higher College оны салтанатты түрде ғана емес, ауқымды, жарқын, жүздеген студенттер мен оқушылардың, қонақтар мен оқытушылардың қатысуымен қарсы алды. Колледждің 700-ден астам студенті, оқушысы (500 студент практикада болғандықтан қатыса алмады) мерекенің көркін кіргізді. Жастар өздері қатыса отырып, бұл мерекенің тарихы тереңде жатқанын, Наурызды тойлау дәстүрі дүние жүзі халықтарының көпшілігінің тұрмыс-салтында ертеден бар екенін, ол бірліктің, татулықтың, ізгіліктің мерекесі екенін пайымдады.
Кеше бүкіл университет үшін маңызды оқиға орын алғанын да жақсы нышанға баладық: Шәкәрім университеті/Shakarim University деген жаңа қысқаша атау ресми түрде бекітілді. Бұл жаңару тек қазіргі күннің ақиқатын ғана көрсетіп қоймай, дамуға, өрлеуге, жаһандық стандарттарға сай болуға деген ұмтылысты дәлелдейді.
Дәстүрлер қоғамдық рух қалыптастырады
Shakarim Higher College-дегі мереке тамаша дәстүрлерді паш етті: дәмді тағамдар, киіз үй, ұлттық ойындар, ән-би — барлығын студенттер мен оқытушылар өздері дайындады. Наурызға тек студенттер ғана емес, Семей қаласының үш мектебінің оқушылары да келді. Болашақ талапкерлер колледжді тек оқу орны ретінде ғана емес, сонымен қатар, дәстүр жалғастығы қалыптасатын, қоғамдық рухқа тәрбиеленетін орын ретінде көрді.
Shakarim University ректоры Думан Орынбеков қатысушылардың алдында сөйлеген сөзінде: «Дәстүрлі Наурыз мерекесі жаңарудың символына айналғаны қуантатынын атап өткім келіп отыр. Бүгін өте маңызды күн, өйткені біздің университет ресми түрде қысқартылған атауға ие болды, ол атау университеттің мәнін толық аша түседі. Біз алға ұмтыламыз, дамимыз, өсеміз. Білім, дәстүр, өркендеу — бұның бәрі біртұтас, бір-бірімен тығыз байланысты. Біздің студенттер білім ала отырып, мәдени кодты, ұрпақтар сабақтастығын сақтайды, қоғамдағы өз рөлдерін түсіне біледі»- деді.
Дамудың жаңашыл стратегиясы
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Наурыз қарсаңында дәстүрлі түрде өтетін Ұлттық құрылтайда өңірлерді дамыту, білім беру жүйесін жаңғырту, жоғары білікті мамандар даярлаудың маңыздылығын атап өткен болатын. Shakarim Higher College Шәкәрім университетінің қолдауымен осы бағытта сенімді түрде дамып келеді.
Жылдам өзгерістер дәуірінде университеттер мен колледждердің басты міндеті — білім беру, сондай-ақ, елімізді өзгерте алатын білікті мамандарды даярлау. Сондықтан колледж жаңа бағдарламаларды дамытып, жұмыс берушілермен ынтымақтастық орнатып, студенттерге үлкен мүмкіндіктер ұсынады.
«Бүгін Қазақстан жаңа деңгейге көтерілді. Жаңа технологиялар енгізілуде, жаңашыл жобалар іске қосылуда. Бірақ бәрі кадрларды даярлаудан басталады. Университет те, колледж де осы жауапкершілікті өз мойнына алады. Біз қазірдің өзінде студенттер әлеуетін ашып, ел болашағының бір бөлігі бола алатын білім беру ортасын құрып жатырмыз»- деді ректор.
Колледж көкжиегі
Колледждегі Наурыз тек мереке ғана емес, оқу орнының дамып келе жатқанын, нығайып, уақыттың талаптарына бейімделіп жатқанын көрсететін айшықты шараға айналды. Бүгінде колледж тек білім беріп қана қоймай, студенттерге нақты кәсіби, мансаптық, жеке перспективалар ұсынады.
Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайда маңызды стратегиялық міндеттер қойылды. Олардың қатарында өңірлерді дамыту, жастарды қолдау, білім беру стандарттарын жаңғырту бар. Бұл бағыттардың барлығы колледждің жалпы саясатында көрініс табады. Shakarim Higher College экономикамызды дамытатын мамандарды даярлау жауапкершілігін өзіне алады.
Shakarim Higher College директоры Тоты Абдикаримова Наурыз мерекесінің қорытындысында, мерекенің өзі сияқты колледждің де өзгеріп, жаңарып, алға жылжығанын атап өтті: «Бүгінде біз білім беру бағдарламаларын кеңейтудеміз, кәсіпорындар мен жоғары оқу орындарымен белсенді ынтымақтастық орнатудамыз, маман даярлау нарықтың нақты сұраныстарына бағдарлануда. «Жұмысшы мамандықтар жылында» біздің басты мақсатымыз – түлектерді оқыту, жас маманның өз жұмысына сенімді түрде кірісуіне жол ашу. Өндірістік практика, дуальды оқыту, өңірдің жетекші кәсіпорындарында тағылымдамадан өту – осының бәрі оларды сұранысқа ие мамандарға айналдырады. Колледж ел экономикасын дамытатын мамандарды дайындау жауапкершілігін өз мойнына алады».
Түйін.
Наурыз жаңа таңдау парағымен басталды, оны әр студент, әр оқытушы, әр адам өзі жасайды.
Мереке жаңа кезеңнің, жаңа мүмкіндіктер мен жаңарған болашақтың бастамасы болсын!







