14 ақпан – Халықаралық кітап сыйлау күні. Яғни, адамдар бір-біріне құрмет пен сыйластықтың белгісі ретінде сыйлыққа кітап ұсынатын күн.
«Артық ғылым – кітапта, ерінбе оқып көруге» деп Абай атамыз айтқандай, өзіндік ойлауға үйрететін, ізденімпаздыққа жетелеп, ой-өрісіңді ұштайтын, тіл байлығын қалыптастыратын, адами құндылықтарды дәріптейтін кітап – қай заманда өзінің құнын жоғалтпайтын асыл қазына.
Кітаптың шығу тарихы терең болғанымен, Кітап сыйлау күні тек 2012 жылдың 14 ақпанынан бастау алады. Бұл күнді атаулы күн ретінде белгілеудің мәні – адамдар бір-біріне, әсіресе, ересектер балаларға кітап сыйлау арқылы оларды кітап оқу дағдысына баулу, кітапқа деген сүйіспеншілікті арттыру, кітаптың ең құнды сыйлық екенін ұғындыру.
«14 ақпан – Халықаралық кітап сыйлау күні» аясында Shakarim University-дің оқу ғимараттарындағы кітапханалары «Шын жүректен кітап сыйла» акциясын өткізді.
Физика және химия ғылымдары зерттеу мектебі, Тамақ инжерениясы зерттеу мектебі, Жасанды интеллект және құрылыс жоғары мектебі, Жаратылыстану ғылымдары жоғары мектебі, сондай-ақ, Филология жоғары мектебі ұжымдары кітап сыйлау акциясына алғашқы болып атсалысып, бірқатар құнды кітаптарды университеттің кітапхана қорына тарту етті.




