Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі05 наурыз 2025шәкәрім

ТАБИҒИ ӨРТПЕН КҮРЕС ШАРАЛАРЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Shakarim University «ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі Абай облысы Төтенше жағдайлар департаментімен бірлесе отырып, «Табиғи өрттермен күресудің кешенді стратегиялары мен интеграцияланған тәсілдері» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді.

 

Конференцияны құттықтау сөзбен ашқан  Shakarim University ғылым жөніндегі проректоры Жанар Қалибекқызы орманның табиғат пен адам үшін маңыздылығын, орман ресурстарын сақтау және басқару бүгінгі күні бүкіл әлемнің маңызды міндеті екенін атап өтті.

 

Абай облысы әкімінің орынбасары Димитрий Гариков, Абай облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Алексей Штыкель, Абай облысының орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы басшысының м. а. Евгений Сургутанов, "Семей орманы" мемлекеттік орман табиғи резерваты бас директорының орынбасары  Әсет Асаинов, Абай облысының  табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Айнұр Ақмырза, сондай-ақ, Ресей, Қырғызстан елдерінің өкілдері бас қосқан  конференцияның Пленарлық мәжілісінде  Абай облысының мемлекеттік орман қоры аумағында және оған іргелес аумақта өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету, орман саласын автоматтандыру, орман экожүйелерінің өртке төзімділігін болжау, 2023 жылы алапат өрттен зардап шеккен орман аумағындағы санитарлық тазалау жұмыстарының  жүргізілуі, орманды қалпына келтіру  мәселелері көтерілді. 

 

2025 жылғы өрт қауіпті кезеңге дайындық туралы баяндама жасаған «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты бас директорының орынбасары Әсет Асаинов Биылғы жылы резерваттың барлық аумағында өртті ерте анықтау жүйесін орнату жоспарланып отырғанына тоқталды. Оның айтуынша, орман өртін ерте анықтау жүйесінде: әуеден түсірілім жасайтын ұшқышсыз ұшу аппараттары (БПЛА), координаттарды дәл анықтайтын GPS-навигация құралдары, тәулік бойы бейнебақылау жүргізетін өртті ерте анықтау камералары, ауа райы жағдайларын бақылайтын метеостанциялар және табиғи өртті тұтандыруы мүмкін найзағай разрядтарын анықтайтын құрылғы болады.

 

Жалпы, 2024 жылдың өрт қауіпті кезеңінде резерват аумағында 101 орман өрті тіркеліп,  13 807 гектар аумақ  зақымданған, оның ішінде 8 926 гектары – орманды алқап.

 

Абай облысы әкімінің орынбасары Димитрий Гариков 2023 жылы 15 орманшының өмірін жалмаған алапат өрттің зардаптарын жою жұмыстары жайлы айтып, өртенген 63 мың га аумақтағы көлемі 6 млн текше метрді құрайтын ағаштан екі жыл ішінде тек 158 мың текше метр ғана ағаш дайындалғанын жеткізді.  Д.Гариковтың сөзіне сүйенсек, қазір облыс әкімшілігі арқылы екі инвестициялық компания тартылып, өндіріс аумағында құны 7 млрд теңге тұратын зауыт салу жоспарланып отыр. Ол зауыт ағаш кесу, өңдеу жұмыстарымен айналысатын болады. Қазір кейбір нормативтік-заңнамалық мәселелер   шешілу үстінде.

 

Аталған  ғылыми-тәжірибелік жиын табиғи өртпен күресу үшін халықаралық деңгейде тәжірибе алмасу және тиімді стратегиялар мен инновациялық шешімдерді ұсыну  мақсатын көздеген болатын.