Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі21 сәуір 2025экофестиваль

Таза Қазақстан: ЕЛОРДАДА ӨТКЕН ЭКОФЕСТИВАЛЬҒА SHAKARIM UNIVERSITY СТУДЕНТІ ҚАТЫСТЫ

«Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында 21-26 сәуір аралығында бүкіл ел бойынша ауқымды іс-шаралар өтеді. Тақырыптық апта Астанада «Таза Қазақстан» бастамасын іске асырудың бірінші жылының қорытындыларына арналған республикалық экофестивальден басталды.

 

 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысқан маңызды жиын елдегі экологиялық мәдениетті арттыру, «жасыл» бастамаларды қолдау және табиғатты қорғау саласындағы өзекті мәселелерді талқылауға арналды.

 

 

Осыдан бір жыл бұрын бәріміз бір ел болып «Таза Қазақстан» жобасын бастадық. Мен, ең алдымен, осы жалпыұлттық бастамаға алғашқы күннен бастап белсене қатысып жатқан әр азаматқа шын жүректен ризашылығымды білдіремін.  Тазалық әр адамнан, әр үйден, әрбір көше мен әр қаладан басталуы керек. Өйткені «Таза Қазақстан», бұл – бір күндік науқан емес. Бұл – біздің өмір салтымыз. «Жас келсе – іске» деп халқымыз бекер айтпаған. Баршаңызды табиғатты қорғау идеясы біріктіріп отыр. Сіздер бәріңіз бірге істеп жатқан жұмыстың арқасында бұл игі бастама осындай үлкен қозғалысқа айналды. Ортақ іске күш жұмылдыру дегеніміз – осы,- деді Президент өз сөзінде.

 

 

Аталған іс-шараға Абай облысының атынан арнайы делегация қатысты. Делегация құрамында Shakarim University студенті, белсенді жас әрі экологиялық жобаларға тұрақты түрде атсалысып жүрген Нұрасыл Елубаев та бар.

 

 

Іс-шара аясында қатысушылар өзара тәжірибе алмасып, экологиялық бастамаларды одан әрі дамыту жолдарын талқылады. Сонымен қатар, алдағы уақытта елімізде жүзеге асырылатын экожобаларға жастардың белсенді қатысуына жол ашатын ұсыныстар қабылданды.

 

 

Айта кету керек, Шәкәрім университетінде экологиялық білім беруге ерекше көңіл бөлініп, студенттер арасында экологиялық мәдениет қалыптастыру бағытында түрлі акциялар, сенбіліктер және ғылыми конференциялар ұйымдастырылып келеді.  Астанада өтіп жатқан жиынның маңыздылығы – мұндай кездесулер жас буынның табиғатқа деген жауапкершілігін арттыруға зор ықпал етеді.