Экологиялық қауіпсіздік пен тұрақты дамуға ұмтылу — бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі. Осыған орай қабылданған «Халықтың экологиялық мәдениетін дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» мен «Таза Қазақстан» ұлттық бастамасы еліміздің әрбір азаматын табиғатқа жанашырлықпен қарауға шақырады. Бұл тек мемлекет деңгейінде қолға алынған бағдарлама ғана емес, сонымен қатар әр адамнан, әр үйден, әр көшеден басталатын өмір салтына айналуы тиіс. ҚР Президенті Қ.Тоқаев 2025 жылғы 21 сәуірде өткен «Таза Қазақстан» экологиялық фестивалінде бұл бағыттың маңыздылығын атап өтіп: «Тазалық әр адамнан, әр үйден, әрбір көше мен әр қаладан басталуы керек. Өйткені «Таза Қазақстан» – бір күндік науқан емес. Бұл – біздің өмір салтымыз» деген болатын.
Әр азаматтың табиғатқа жанашырлықпен қарауы – экологиялық мәдениеттің негізі. Осы орайда Шәкәрім университетінің профессор-оқытушылар құрамы мен студенттері де «Таза Қазақстан» бастамасына белсенді түрде үн қосып, қоршаған ортаны қорғауға бағытталған нақты істер атқаруда.
Аталған бастаманы қолдау мақсатында университет ұжымы оқу ғимараттарының айналасында тазалық жұмыстарын жүргізіп, көгалдандыру ісіне өз үлестерін қосты. Студенттер мен қызметкерлер сенбілікке шығып, оқу корпустарының ауласын күл-қоқыстан тазартты, жасыл желектерге күтім жасап, гүлдер мен ағаштарға су құйды. Бұл шара тек тазалықты сақтау ғана емес, сонымен қатар жастардың табиғатқа деген сүйіспеншілігін арттыруға, ұжымдық жауапкершілік пен экологиялық сананы қалыптастыруға бағытталған.
Осындай іс-шаралар арқылы университет ұжымы экологиялық мәдениеттің күнделікті өмір салтына айналуы тиіс екенін нақты іспен дәлелдеуде. Сонымен қатар, бұл – жастарға үлгі көрсетіп, табиғатқа қамқор болудың, туған жердің көркеюіне үлес қосудың жарқын көрінісі.
Шәкәрім университетінің бұл бастамасы «Таза Қазақстан» ұлттық жобасының мақсатымен үндесіп, ел болашағына жауапты жас ұрпақты тәрбиелеудің маңызды тетігіне айналғаны қуантады.



