Өскелең ұрпаққа жастайынан кәсіптік білім берудің мәні зор екендігін уақыт дәлелдеп келеді. Жастарға кәсіптік білім беру, оларды жұмысшы мамандықтарына даярлау, қайта оқыту арқылы қоғамға нағыз қажетті мамандарды әзірлеу және олардың біліктілігін көтеру – еліміздің білім беру саясатының басты бағыттарының бірі болып отыр.
Ел экономикасының дамуына үлес қосатын өндіріс орындарына қажетті кәсіби мамандар даярлаудың жаңа моделін қалыптастырып отырған өңірлік оқу орындарының бірегейі – Шәкәрім университеті мен оның құрылымдық бөлімшесі Шәкәрім жоғары колледжі.
Ертеңгі білікті маманның кәсіптік шеберлігі колледж қабырғасында қаланады десек қателеспейміз. Осы ретте өңірге қажетті мамандарды дер кезінде дайындап, уақыт тамырын дөп басуға тырысып келе жатқан Shakarim Higher College директоры Тоты Әбдікәрімовамен әңгімелескен едік.
- Тоты Тілеулесқызы, білуімізше, Shakarim Higher College өңіріміздегі кейбір орта оқу орындарына қарағанда тым жас. Дей тұрғанмен, білім беру жағынан кенже қалып жатпаған сияқтысыздар. Қазір қандай мамандықтар бойынша маман дайындап жатырсыздар?
- Иә, Shakarim Higher College 2016 жылы Шәкәрім университетінің Ғылыми кеңесінің шешімімен университеттің құрылымдық бөлімшесі ретінде құрылған. Қазір мыңнан астам жас білім алып жатқан оқу орны 16 мамандық бойынша маман даярлайды. Колледждегі 1125 білім алушының 688-і мемлекеттік тапсырыс бойынша білім алып жатыр. Яғни жалпы контингенттің 61 пайызы – мемлекеттік грант иегерлері деген сөз. Жыл сайын мемлекеттік грант саны да артып келеді. 2024-2025 оқу жылында 500 студент оқуға қабылданса, оқуын тәмамдаған 512 жас колледж қабырғасынан ұшқалы отыр.
Колледжде ветеринария, орман шаруашылығы, тағам өндірісінің технологиясы мамандарын, технологиялық процестерді автоматтандыру және басқару, техник -электромеханик, бастауыш білім беру педагогикасы мен әдістемесі, дене шынықтыру мұғалімі, төтенше жағдайларда қорғау т.б. мамандықтарға даярлаймыз.
- Колледждегі білім беру үрдісінің ерекшелігі неде?
- Колледж университеттің құрылымдық бөлімшесі болғандықтан, біздің ұтарымыз көп. Бұл ретте ең алдымен 2+2 өтпелі бағдарламасын айтқанымыз орынды. 2+2 бағдарламасы студенттердің колледжде 2 жыл білім алғаннан кейін университетте сол мамандығы бойынша тағы екі 2 жыл оқып, бакалавр дәрежесін алып шығуына мүмкіндік береді. Осылайша, студент төрт жылдың ішінде қос дипломды маман болып шығады.
Нарық талабына сай білім беру – біздің басты ұстанымымыз. Бұл ретте жұмыс берушілермен бірлескен оқу бағдарламалары әзірленіп, салалық сұранысқа қарай бейімделе жұмыс істеу қолға алынған болатын. Мысалы, дуалды білім беруде студенттердің теориялық және практикалық дайындықтарын қатар жүргізу өте пайдалы. Теориялық сабақ оқу орнында өткізілсе, тәжірибелік сабақтар өндіріс орындарында жүргізіледі. Сөйтіп студент бірден қажетті тәжірибе алады. Сондықтан, оқуын бітіргеннен кейін оған тұрақты жұмыс орнын табу оңайырақ, яғни жұмыс берушінің талаптарына сай болғандықтан, түлектердің жұмысқа орналасуына жол ашылады деген сөз.
-Оқытуда заманауи технологияларды қолдануға қалай қарайсыз?
- Әрине, заманауи технологияларды қолдану бүгінгі білім беру саласындағы басым бағыттардың бірі. Жаңа технологияның бірі ретінде дуалды оқыту жүйесін айтуға болады. Бұл – теорияны өндіріспен ұштастыра оқыту технологиясы. Оның негізі алғаш Германияда қаланған. Дуалды оқыту жүйесінің кәсіби мамандар даярлауда тиімділігі мен нәтижелілігі зор екендігі тәжірибеде дәлелденген.
Колледжде дуалды білім беру бойынша 104 студент білім алып жатыр.
Бұл ретте университет пен колледж ірі өнеркәсіптік компаниялармен, бизнестің түрлі салаларымен, мемлекеттік құрылымдармен серіктестік орнатқан.
-Бітіріп шыққаннан кейін жас маман үшін жұмысқа орналасу маңызды ғой. Колледжді бітірген соң мамандық бойынша жұмысқа орналасу жағы шешімін тауып жатыр ма?
- Колледж бітірушілері еңбек нарығында үлкен сұранысқа ие. Мұны түлектеріміздің 90,8 пайызының жұмысқа орналасуынан көруге болады. Бұған жоғарыда айтқанымдай, облысымыздағы көптеген ірі кәсіпорындамен ынтымақтастықта жұмыс істеуіміз де үлкен септігін тигізіп отыр.
– Колледждің материалдық-техникалық жабдықталуы қандай деңгейде?
- Университет құрамында болғандықтан, материалдық-техникалық база жоғары деңгейде. Колледж кабинеттері заманауи техникалық құралдармен жабдықталған: мультимедиялық кабинеттер, интерактивті тақта, компьютерлік сыныптар білім алушылар игілігіне қызмет етеді. Оқу-өндірістік шеберханалары, оқу-тәжірибелік алаңдары, оқу фермалары мен оқу полигондары, зертханалар бар. Студенттер жатақханамен қамтамасыз етіледі.
Колледждің қазақ және орыс тілдерінде білім беретін 26 білім беру бағдарламасы республикалық реестрге енгенін де үлкен жетістік ретінде айтуға болады. Студенттерге сабақ беретін профессорлық-оқытушылар құрамның 70 пайызы жоғары категориялы ұстаздар.
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялап, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіне реформа жасаудың өзекті мәселе екенін айтқаны белгілі. Бұған өздеріңіз қандай үлес қосып жатырсыздар?
- Елімізде соңғы жылдары техникалық және кәсіптік білім беруге ерекше назар аударылып отыр. Біз де Президент тапсырмасына орай биыл біз мамандықтар санын көбейтіп, үш жаңа мамандық бойынша оқытуды бастаймыз. Биылғы жылы талапкерлердің Мехатроника (электрондық және цифрлық техниканы жөндеу және қызмет көрсету жөніндегі механик), Тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу, Негізгі орта білім беру тілі мен әдебиетін оқыту педагогикасы мен әдістемесі (ағылшын тілі мұғалімі) мамандықтарына түсу мүмкіндігі бар. Бұл мамандықтар өңірдің нақты сұранысына сай таңдалды. Білім беру бағдарламаларын заман талабына бейімдеп, студенттерге сұранысқа ие мамандықтар мен еңбек нарығы бойынша нақты мүмкіндіктер ұсыну – біздің басты ұстанымымыз.
Сондай-ақ, «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында колледжде Кадрларды даярлау орталығы ашылған болатын. Орталықтан 20 адам тракторшылар курсын тәмамдап үлгерді. Қазір аспаз және ветеринар-санитар мамандықтарының курсын оқытып жатырмыз.
-Оқу орнының қандай жетістіктерін атап айтар едіңіз?
- Shakarim Higher College жетістіктері ретінде жуырда Абай облысының техникалық және кәсіптік білім беру оқу орындарының студенттері арасында өткен «WorldSkills Abai – 2025» – кәсіби шеберліктің ІІІ өңірлік чемпионатындағы нәтижемізді айтсақ жеткілікті болар. «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында өткен чемпионат жас мамандардың өз дағдыларын көрсетуге және өздерін танытуға мүмкіндік берді. Шәкәрім жоғары колледжінің студенттері мен оқытушылары 12 түрлі құзыреттілік бойынша қатысып, 8 құзыреттілік бойынша жүлделі орындарға ие болды. Олардың қатарында ветеринария, флористика, CAD инженерлік дизайн, бұлтты бағдарламалау, фото және бейнеөңдеу т.б. мамандықтар бар.
-Білім беру үдерісі бір орында тоқтап қалмай үнемі ілгері жүруді, жаңашылдыққа ұмтылуды талап ететіні белгілі. Сіздердің болашаққа қандай жоспарларыңыз бар?
- Бүгінде біз білім беру бағдарламаларын кеңейтіп, кәсіпорындар мен жоғары оқу орындарымен белсенді ынтымақтастық орнатып жатырмыз. Маман даярлау нарықтың нақты сұраныстарына бағдарлануда. Біздің басты мақсатымыз – түлектерді оқыту, жас маманның өз жұмысына сенімді түрде кірісуіне жол ашу. Өндірістік практика, дуалды оқыту, өңірдің жетекші кәсіпорындарында тағылымдамадан өту – осының бәрі оларды сұранысқа ие мамандарға айналдырады.
Қай заманда болмасын адамзат алдында тұратын ұлы міндет - саналы ұрпақ тәрбиелеу. Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы. Shakarim Higher College жас ұрпақты ұлттық құндылықтар арқылы тәрбиелеуді, ел экономикасын дамытатын мамандарды дайындауды, Жаңа Қазақстан азаматтарын қалыптастыруды ары қарай жалғастыра береді.
- Сұхбатыңызға рахмет! Жас ұрпаққа білім беру жолындағы жұмыстарыңыз жемісті болсын!