Shakarim University Агротехнопаркі ISO/IEC 17025:2017 / ГОСТ ISO/IEC 17025-2019 – «Сынау және калибрлеу зертханаларының құзыреттілігіне қойылатын жалпы талаптар» халықаралық стандарты бойынша аккредитациядан сәтті өтті.
«Бұл стандарт – сынақ және калибрлеу зертханаларының сапа көрсеткіштері мен техникалық құзіреттілігіне қойылатын ең жоғары талаптардың бірі. Аталған стандарт бойынша қызметтердің барлық бағыттарын, атап айтқанда, сынақ нәтижелерінің дәлдігін, мамандардың біліктілігін, жабдықтардың жарамдылығын, процестердің бақылауда болуын қамти аламыз. Осылайша, нақты деректер негізінде агроөнеркәсіп кешенінің сапасын арттыруға жол ашып, өндіріс орындарына қажетті технологиялық шешімдер мен жоғары сапалы қызметімізді ұсыну мүмкіндігіміз бар. Біз агроөнеркәсіп кешеніндегі барлық серіктестерімізбен бірлесе жұмыс істеуге дайынбыз»- дейді Агротехнопарк директоры Шыңғыс Сүлейменов.
Шыңғыс Сүлейменовтің айтуынша, аккредитация өндірістік сынақтардың дәлдігі мен сенімділігін қамтамасыз ете отырып, агроөнеркәсіптік кешеннің өнімділігін арттыруға, нарықта бәсекеге қабілетті болуына жағдай жасайды.
Сондай-ақ, зертхана мамандарының және университеттің профессорлық оқытушылар құрамының, докторанттар мен магистранттардың халықаралық стандарттарға сай зерттеу жұмыстарының нәтижелерін көруге мүмкіндік береді.
Халықаралық стандартқа сәйкес аккредитация тек қана зертханалардағы техникалық және сапа көрсеткіштерін қамтамасыз ету емес, сонымен қатар, агроөнеркәсіптік саланың барлық тараптары үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.


