Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі13 қазан 2021

УНИВЕРСИТЕТ ПРОФЕССОРЫ ҚҰРМЕТКЕ БӨЛЕНДІ

Бүгін Шәкәрім университетінде «Н.Н. Өтепбаевтың шығармашылығындағы ұлттық болмыс: бояу және мінез» атты семинар-форум өтті. Шара ұлағатты ұстаз, суретші Н.Нұғыманұлының 70 жылдық мерейтойына арналды.

Форумның мақсаты «Туған ел» мемлекеттік бағдарламасында қарастырылған «Жаныңда жүр жақсы адам» жобасын іске асыру контексті негізінде Мәдениет және Қазақстан Республикасы ақпарат министрлігінің «Мәдениет қайраткері», Білім және Ғылым министрлігінің «Ы.Алтынсарин» төс белгілерінің иегері, Қазақстан Республикасы суретшілер және дизайнерлер одағының мүшесі, ұлағатты ұстаз, суретші Өнер және музыка кафедрасының профессоры Өтепбаев Нұрбұлан Нұғыманұлының шығармашылығын насихаттау.

Форумға университет басшылығы, құрылымдық бөлім басшылары, профессор-оқытушылар құрамы, білім алушылар мен елімізге белгілі қылқалам шеберлері қатысты. Кіріспе сөз Басқарма төрағасы Б.Ердембековке берілді. «Өзіңіздің шығармашылық, ұстаздық жолыңызда ізденімпаздық пен жаңашылдықты басты критерий ретінде қолдандыңыз. Нәтижесінде ғылыми еңбектер, ғылыми әдістемелік мақалалар, оқу құралдарының авторы болдыңыз»,- деп айта келе, университет басшысы Н.Өтепбаевтың жұмыстары республиканың түкпір-түкпірінде мұражай қорларында сақтаулы екендігін атап өтті. Семинар-форум барысында Н.Өтепбаевқа Шәкәрім университетінің «Құрметті профессоры» атағы берілді. Өз кезегінде Нұрбұлан Нұғманұлы Бауыржан Аманкелдіұлына алғысын білдіріп, естелік марапатты табыс етті.

Өнер және музыка кафедрасының қауымд.профессоры м.а., п.ғ.к., ҚР суретшілер және дизайнер одағының мүшесі М.Мырзаканов, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, Өнер мәдениет және спорт институты, «Дизайн» кафедрасының аға оқытушысы Р.Берікбол, Шәкәрім университетінің «Өнер және музыка» кафедрасының аға оқытушысы Е.Татиевтар Н.Өтепбаевтың шығармашылығы, ғылыми ізденістері мен еңбектері жайлы баяндама оқыды.

Семинардан кейін Невзоровтар отбасы атындағы бейнелеу өнері мұражайында суретшінің шығармашылығына арналған көрменің ашылу салтанаты болды.

Шараға жиналғандар Нұрбұлан Өтепбаевты құттықтап, жылы лебіздерін білдірді. Сондай-ақ, көрмені аралап, суретшінің төл туындыларын тамашалады.

Нұрбұлан Нұғманұлы Өнер және музыка кафедрасының профессоры. Суретшінің 6 шығармашылық еңбектері ҚР Әділет министрлігінің интеллектуалды және меншік комитетінде тіркелген. Көркемдеуші-суретші ретінде 15 кітаптың көркемдеуші авторы.
Нұрбұлан Нұғманұлы 30 жыл бойы Шәкәрім шаңырағының шәкірттерін тәрбиелеп келеді. Ұлағатты ұстаздың 70 жылдық мерейтойы аясында университет тарапынан Өнер студиясын ашу жоспарлануда.