Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі11 маусым 2025студент

«Үздік студент – 2025»: Қаныштың ғылымдағы табысты қадамы

«Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады» деген қазақ мақалының мәні терең әрі қазіргі уақытта айрықша мәнге ие  десе де болады.  Қазір білекке емес, білімге сенетін заман.  Ел ертеңі – жастардың  білімді де  жан-жақты болуы маңызды. Осындай болашағынан үміт күттіретін жастарымыздың бірі – Қаныш Мұхаметкәрім. Ол Шәкәрім университетінің 6В01507 «Информатика және робототехника» білім беру бағдарламасының 3курсын тәмамдап отыр.

 

 

Жуырда Shakarim University-де оқу жылын қорытындылау аясында білім, ғылым, өнер және спорт бағыттарын қамтыған «Үздік студент» жобасы түйінделген болатын.  Жыл бойы белсенділігімен көзге түскен үздік студенттердің еңбегі сараланып, университеттің қоғамдық өміріне белсене араласқан, жастар саясатының дамуына орасан үлес қосқан білім алушыларды анықтаған байқауда Қаныш ғылым бағыты бойынша үздіктердің үздігі деп танылып, «ҮЗДІК СТУДЕНТ – 2025» аталымын жеке-дара еншілеген талапты жас.

 

 

Аталған  жобада озып шығуына себеп болған – оның «Спорттық бағдарламалау бойынша пәндік олимпиадаға дайындау» платформасы. Ал бұл платформаның мектеп бағдарламасына енгізілуі  – Қаныштыңауыз толтырып айтуға тұрарлық үлкен жетістігі.

 

 

Ғылыми жұмыс бойынша зерттеу нәтижелері Семей қаласындағы облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» лицейінің оқу үдерісіне  2022-2023, 2023-2024 оқу жылдарында, ал Шәкәрім атындағы көпбейінді №5 гимназияның оқу үдерісіне 2023-2024 оқу жылында енгізілген. Нәтижесінде оқушылардың ынтасы артып, мектептің олимпиадалық бағыттағы жетістіктерін арттыруға септігі тиген.

2023-2024 оқу жылында «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» лицейінде оқушылар халықаралық олимпиадаларда (Жәутіков, Еуропа, EJOI) жүлделі орындарға ие болған.  Бұл платформаның оқушыларды жоғары деңгейдегі жарыстарға дайындаудағы тиімділігін көрсетеді.

 

 

Платформаны құрудағы мақсат:

-оқушыларды жарыстарға жүйелі түрде дайындау;

-бүкіл оқу орындарына қолжетімді;

-мұғалімдерге көмекші құрал.

 

 

Спорттық бағдарламалау дегеніміз – берілген математикалық есептің ең жылдам, ең тиімді шешімін бағдарламалау тілін қолданып шығару.

Қазіргі таңда спорттық бағдарламалау әлем бойынша үлкен сұранысқа ие. Қазақстанда да спорттық бағдарламалау кеңінен таралып келеді.

 

 

«Оқу орындарында спорттық бағдарламалау пәні оқытылмайды, көптеген дайындық платформалары тек ағылшын немесе орыс тілінде қолжетімді, кейбір оқыту жүйелері ақылы негізде ұсынылады. Ғылыми жетекшім Тлеубаева Ақсәуле Болатқызыныңкеңесіменқазақ тілінде, баршаға қолжетімді, ыңғайлы платформа әзірлеуді мақсат еттім.Бұл платформа оқушылар мен студенттердің олимпиадаға дайындық процесін жүйелендіріп, білім деңгейін арттыруға көмектеседі»- дейді Қаныш.

 

 

Мектеп қабырғасында жүргеннен бастап, дәлірек айтсақ, жеті жыл көлемінде осы бағыттағы ізденістерін жалғастырып жүрген Қаныш өз идеясын ғылыми жетекшісі, педагогика ғылымдарының магистрі Аксауле Болатовнаның кеңесімен жүзеге асырған. Сөйтіп, өз тәжірибесін басшылыққа алған ол  курстарды, платформаларды, есептерді, бейне-сабақтарды, кітаптарды т.б. материалдарды бір жерге жинақтап, қолжетімді ету ойына шындап кіріседі. Осылайша, еліміздің білім жүйесіне пайдалы платформа жасау идеясы туған. Жас зерттеуші алдағы уақытта платформаның мүмкіндіктері көбейіп, білім беру жүйесіне елеулі үлес қосатынына сенімді.

 

 

Ғылыми жұмыс барысында спорттық бағдарламалау бойынша дайындыққа қажетті негізгі ресурстар, әдістемелерді зерттеп, сондай-ақ, әлемдегі танымал олимпиадалық тест жүйелерін (IOI, ICPC, USACO) де қарастырған ол жоба аясында HTML, CSS, JavaScript, NodeJS тілдері және Firebase мәліметтер қорын кеңінен қолданған. 

 

 

«Бала кезімде “Қаныш Сәтбаев сияқты ғалым боласың, еліңе пайдаң тисін" деп айтып отыратын атамадалдығымен, еңбекқорлығымен, білімге құштарлығымен, елге еткен қызметіменмаған қайталанбас  үлгі болды. Әкем мен анамәрдайым ақылдарын айтып, әр ісіме қолдау көрсетіп,  оқу оқып, білім алуым үшін жағдайдың бәрін жасап келеді. Ағам өз тәжірибесімен бөлісіп, осы жобаны алғаш қолға алғанымнан бері бағыт-бағдар беруден жалыққан емес. Ата-анам мен ұстаздарымның берген білімі мен тәрбиесі, жан-жақты  қолдаулары мен бағыт-бағдары үшін алғысым шексіз»- дейді талапты жас.  

 

 

«Талант – табиғаттан, талап – өзіңнен» деп Мұзафар Әлімбаев айтқандай,  білімге ұмтылған  жастың табиғат берген талантын  шыңдап, осындай елге пайдасы тиер жұмыспен айналысып жүргені өзіндегі талаптан болса керек. «Ұрпағы білімді халықтың – болашағы кемел» екені анық.