Шәкәрім университетінің баспасөз қызметішәкәрім

ЗЕРТТЕУ МЕКТЕБІНІҢ МАМАНДАРЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЯДРОЛЫҚ ТЕХНОЛОГИЯЛАР КӨРМЕСІНЕ ҚАТЫСТЫ

27-28 тамыз күндері Астана қаласында Қазақстан Республикасында атом энергетикасының артықшылықтарын түсіндіруге бағытталған «KazAtomExpo» ядролық технологиялардың  халықаралық көрмесі өткізілді. Көрмеге Шәкәрім университетінің физика-химия ғылымдары зерттеу мектебінің қызметкерлері: декан Қасымов Асқар Бағдатұлы және техникалық физика және жылуэнергетика кафедрасының меңгерушісі Степанова Ольга Александровна  қатысты. Көрмеде атом саласының қазіргі жай-күйі және АЭС құрылысын салу арқылы оны жаңа деңгейге көтеру мәселелері ортаға салынды.

Көрмеде Қазақстан Республикасының Энергетика министрі А.М.Сәтқалиев, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру комитеті төрағасының орынбасары Ж.Ү.Есінбаева, «Самұрық-Қазына» басқарушы директоры Е.К.Бердіғұловтардың қатысуымен  EDF (Франция), «Росатом» мемлекеттік корпорациясы (РФ), CNNC (ҚХР), KHNP (Оңтүстік Корея) сияқты әлемдік ядролық технологиялар көшбасшыларының өкілдерімен атом саласындағы заманауи технологиялардың ерекшеліктері талқыланды.

Шәкәрім университетінде осы салаға кадрлар даярлау 1996 жылдан бері жүргізіліп келеді және қазіргі уақытта үш білім беру деңгейінің барлығы қамтылып отыр. Университет өкілдері көрме барысында өздерінің білім беру бағдарламаларын таныстырды. Сонымен қатар, осы саладағы отандық басты стейкхолдерлермен, атап айтқанда, ҚР Ұлттық ядролық орталығы, «Ядролық технологиялар паркі» АҚ, ҚР Ядролық физика институты, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК, «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС өкілдерімен Шәкәрім университетінің білім беру бағдарламаларының мазмұны қарастырылып, оларды жетілдіру жұмыстары жүргізілді. Мақсат – атом саласының қазіргі заманғы талаптарына толық сәйкес келетін кадрларды даярлау және еңбек нарығының қажеттіліктерін қанағаттандыру.