Ұлттық әдебиет пен мәдениеттің, өнер мен ғылымның, тарихы мен этнографиясының зерттелуі мен зерделенуіне, насихатталуы мен дамуына сүбелі үлес қосып келе жатқан «Зейнолла Сәнік атындағы мәдениет қоры» Шәкәрім университетімен бірлесе отырып тағы бір игілікті іске ұйытқы болып отыр.
Атап айтқанда, 4 наурыз күні Семейдегі Шәкәрім университетінде көрнекті жазушы, этнограф, баспагер, аудармашы «Зейнолла Сәнік атындағы Шетелдегі қазақ әдебиеті дәрісханасы» ашылды. Оның қажетті жабдықтауы қор демеушілігі арқылы іске асты. Сондай-ақ, мәдениет қоры дәрісханаға шетелдегі қазақ әдебиеті, тарихы мен өнеріне қатысты 100-ден астам кітапты сыйға тартты. Бұл білім ордасындағы оқытушылардың, студенттер мен магистрлердің және зерттеуші ғалымдардың қазақ әдебиетінің тұтастану тарихын танып білуі мен зерттелуіне зор мүмкіндік туғызбақ. Бұған дейін де оқу орны мен қор арасында шығармашылық байланыстар қалыптасып, ғылыми бағыттағы ізденушілерге қор атынан шәкіртақы берілген еді.
Университет басшысы Бауыржан Ердембеков саналы ғұмырын ғылыми ізденіске, шығармашылық тұрғыдан кемелденуге, елге қажетті тарихи һәм этнографиялық мұрағаттарды жинауға арнаған қаламгер З.Сәніктің ұлттық тарих пен этнографияға, фольклорға қосқан үлесі қомақты екенін ерекше атап өтті. Қазақ әдебиеттану ғылымының дамуына барынша жағдай жасауды мақсат еткен Шәкәрім университеті, Зейнолла Сәнік атындағы мәдениет қорының әріптестігімен өтетін игілікті іс-шаралардың алдағы уақытта да жалғаса беретінін тілге тиек етті.
Дәрісхананың ашылуы аясында «З.Сәнік қорының» кітапхана сериясымен жарық көрген қытайдағы қазақ прозасының антологиясы – «Қамшыгер» кітабының таныстырылымы өтті. Оған 30 жазушының таңдаулы әңгімелері енген. Іс-шара барысында қонақтармен әдеби кездесу, кітап көрмесі, ғылыми бағыттағы пікір алмасу ұйымдастырылды. Ашылу салтанатына университет басшысы Б.Ердембеков, жазушының жары, ақын, ұстаз Шәмшабану Хамзақызы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері А.Еспенбетов пен қаламгердің перзенттері, Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет, әдебиеттанушы-ғалым Серік Негимов, ақын, баспагер Ғалым Қалибекұлы, қордың атқарушы директоры, ақын, ұстаз Серік Қалиев, ақын Дүйсенәлі Әлімақын, Семейдегі зиялы қауым өкілдері, БАҚ қызметкерлері т.б. қонақтар қатысты.
Сонымен қатар, Филология факультетінің студенттері Т.Еженхан, Т.Кайрат, Қ.Дәуренқызы, Ж.Ракатова мен А.Кылышпаевалар З.Сәнікұлының шығармашылығы, "Жетеліге жетпіс сөз" танымал қойын дәптерлері, "Сергел", "Басбай" романдары туралы баяндама жасағаны үшін «З.Сәнік қорының» бір реттік шәкіртақысына ие болды.