Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі26 тамыз 2024жасанды интеллект

Жазғы мектеп: ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ – БІЛІМ БЕРУ САЛАСЫНДА

 

Shakarim University оқытушыларына арналған академиялық жазғы мектеп блогының жұмысы басталды. Жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін  жазғы мектеп білім беру үдерісін жетілдіруге бағытталған жобалардың бірі.

Білім берудегі жаңашылдыққа негізделген әрі  оқытушылардың практикалық дағдыларын дамытуды мақсат еткен жазғы мектеп жұмысының аясында «Жасанды интеллект негіздері мен заманауи оқыту әдістері» курстары өткізілуде.

Жазғы мектептің алғашқы күні эдвайзерлер үшін арнайы коуч-сессиялар ұйымдастырылды. Бұл жаңа оқу жылында эдвайзерлер жұмысын ұйымдастырудың тәртібін нақтылап, білім алушыларға сапалы академиялық кеңес, дұрыс бағыт-бағдар  беруді көздейтін іс-шара.

Сондай-ақ, «Практикаға дайындық: білім алушыларға әдістемелік көмек» атты Workshop барысында  практика жетекшілеріне білім алушыларды болашақ маман ретінде дайындаудың тиімді әдістері ұсынылып, нақты жағдайлар талқыланып, педагогикалық практикадан өтуді барынша сапалы ұйымдастыру жолдары қарастырылды.

Жазғы мектеп жұмысында баса мән берілген тағы бір маңызды іс-шара «Табысты жұмысқа орналасу: әдістемелік ұсыныстар» тақырыбындағы семинар болды. Семинар барысында жас маманды жұмысқа жолдау, түлектердің еңбек нарығында бәсекеге қабілетті болуы үшін берілетін білім мен кәсіби дағдыларды талқылау, қажетті құжаттарды жүргізу ретімен таныстыру т.б. қамтылды. 

-Бүгінгі университетте ұйымдастырылып жатқан жазғы мектеп барысында кәсіптік практиканың жетекшілеріне семинар өткізілді.  Семинардың біздің әріптестеріміз үшін маңызы өте зор. Кәсіптік практика ұйымдастыру барысында кездесетін  қиыншылықтар, жетістіктер, кемшіліктер ортаға салынып, әрбір жетекші өзінің ой-пікірлерін білдіріп жатыр. Мұндай жұмыстардың болашақта да ұйымдастырылғаны дұрыс,- дейді Математика кафедрасының аға оқытушысы  Шұға Сагитова.

Сондай-ақ, жазғы мектеп барысында әрбір зерттеу және жоғары мектептерінде Академиялық саясатқа енгізілген өзгерістер, QS WUR талаптары, KPI және ақпараттық қауіпсіздік мәселелері де талқыланатын болады.