Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі29 сәуір 2025театр фестивалі

Жидебай жүректе: "Адамдық борышың" фестивалі ел жастарын біріктірді

«Театр – адамның өзін-өзі сахнадан

 көріп, өзін-өзі түсінетін орын»

Шәкен Айманов

 

Shakarim University бастамасымен, ұлы Абайдың 180 жылдығы мен университет қабырғасында алғашқы студенттік театрдың құрылғанына 65 жыл толуына орай, елдің жетекші жоғары оқу орындарының театрларын біріктірген "Адамдық борышың" II республикалық студенттік театрлар фестивалі өтті.

 

 

Фестиваль «Қағанат» театрының (Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті) "Bari bir emes" қойылымымен ашылды. Қойылымда қазіргі қоғамның өзекті мәселелері: жастардың әлеуметтік жауапкершілігі, адамгершілік құндылықтар және әділетсіздікпен күрес тақырыптары қозғалды.

Эмоциялық тереңдік деңгейін Оңтүстік Қазақстан университетінің "Думан" халықтық жастар театры да көрсетті. Кітабының оқырманы жоқ жазушының, кітап сатушының және кедейшіліктен шаршаған ананың бейнелері арқылы бүгінгі қоғамның трагедиясы әсерлі түрде жеткізілді.

"Пьеса қазіргі жастардың әлеуметтік желілер динамикасына бейімделген қабылдау ерекшеліктеріне сай, қысқа сахналық көріністерден құралған полиптих форматында жазылды,"- деп түсіндірді спектакльдің авторы әрі режиссері Ерлан Ақылбеков.

 

 

Үш күн бойы Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген 12 театр сахна төріне шықты. Жас актерлер көрермендерді шеберліктерімен қуантты, күлдірді, жылатты, ойға салды.

Қазылар алқасы құрамында Абай атындағы қазақ музыкалық-драма театры мен "Дариға-ай" жастар театрының әртістері өнер көрсетулерді бағалап, көркемдік деңгейі мен идеялық маңыздылығына ерекше көңіл бөлді.

 

 

Фестиваль жеңімпаздары:

Гран-при – М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің "Думан" театры;

1 орын – Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің "Рух" театры;

2 орын – С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің "Ақжелкен" театры;

3 орын – Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің "Шың" театры.

«Үздік ер адам бейнесі» жүлдесіне Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті  «Шаңырақ» театрының актері Құрал Нұрбол, ал «Үздік әйел адам бейнесіне» SDU университетінің «OYAN» театрының әртісі Гүлсая Өміртай лайық деп танылды.

 

 

Фестивальдің финалы ретінде М. Әуезовтің пьесасы бойынша "Қарагөз" спектаклі қойылды, оны биыл екі республикалық фестивальдің Гран-при иегері болған Shakarim University-дің "Қарагөз" театры сахналады.

 

Жидебай: Қасиетті мекен

Фестиваль бағдарламасының ажырамас бөлігі қатысушылардың Жидебайға — Абай, Шәкәрім және Мұхтар Әуезов дүниеге келген қасиетті жерге сапары болды. Ұлы даланың желі мен тау-тасынан жастар тарихтың тынысын сезінді.

"Абайдың 180 жылдығы мен алғашқы студенттік театрдың құрылғанына 65 жыл толуына орай, дәл осы қасиетті жерде ар-ождан мен еркіндік идеялары туындаған топырақта 7 өңірден 12 студенттік театрдың өнер көрсетуі кездейсоқ емес. Shakarim University сіздердің жүректеріңізде әрдайым батылдықты, шынайылықты және биік мәдениетті қадірлейтін орын ретінде қалсын деп тілеймін,"- деп ректор Думан Орынбеков жастарға жүрекжарды лебізін білдірді .

 

 "Адамдық борышың" фестивалі шығармашылық сайыстан әлдеқайда үлкен мағынаға ие болды.

Бұл өзіңнің ішкі әлеміңе, мәдениет бастауларына, ұлт тамырына, еркіндік пен жауапкершілік идеалдарына жасаған сапар болды.

Семей жерінде осы күндері жаңа достық қарым-қатынастарға жол ашылып, жаңа армандар мен  жаңа театрлық идеялар дүниеге келді.

Бұл дегеніміз — жаңа болашақ дүниеге келді деген сөз.