Shakarim University-дің Радиоэкологиялық зерттеулер ғылыми орталығында "Бірлескен зерттеулер жүргізу жолдарын іздеу" тақырыбында воркшоп өткізілді.
Семинарға Радиоэкологиялық зерттеулер ғылыми орталығының, Инжиниринг орталығының, Агротехнопарктің ғылыми қызметкерлері, Физика және химия ғылымдары зерттеу мектебінің ғалымдары қатысты. Семинар жұмысына Польша ғылым академиясының ғалымы – техногендік қалдықтармен ластанған топырақты биоремедиациялау саласындағы маман Йоанна Керази-Василевская қатысып, «Мышьякпен ластанған топырақты өсімдіктердің көмегімен тазарту» тақырыбындағы зерттеу жұмысымен таныстырды.
Радиоэкологиялық зерттеулер ғылыми орталығының ғылыми қызметкерлері орталықта жүргізіліп жатқан зерттеулер туралы айтып, Қазақстан мен Польша ғалымдарының ынтымақтастығын нығайту жолдарын талқылады.
Радиоэкологиялық зерттеулер ғылыми орталығының басшысы А.Н. Кливенко интерполиэлектролиттік кешендер негізінде жеделдетілген қарағай өсіру технологиясын жасау бойынша жүргізіліп жатқан зерттеуімен таныстырды.
Ал «Күміс нанобөлшектерін биополимерлер көмегімен алуды» зерттеп жүрген химия мамандығының 3 курс докторанты Дастан Әсержанов алынған күміс нанобөлшектерінің бактериялық мақсатта қолданылуы пайдалы нәтиже беретініне сенімді.
Ол күміс нанобөлшектерін алу әдістемесін, биополимерлер арқылы күміс нанобөлшектерін алу механизмін зерттеп, жетілдіре түсуді көздеп отыр. Жұмысының мақсаты - күміс нанобөлшектерін алуда токсинді реагенттерді қолданбау.
Семинардың қорытындысында қоршаған орта объектілерін биоремедиациялау саласында бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу жоспарланды.