пресс-служба Университета Шакарима24 май 2025шәкәрім университеті

АБАЙДЫҢ ІЛІМІН ҰЛЫҚТАҒАН РУХАНИ САПАР

Шәкәрім университетінде өтіп жатқан «Абайдың толық адам ілімі: ұлттық құндылықтар мен заманауи көзқарас» Республикалық жастар форумының қатысушылары бүгін ертемен Абайдың туған жеріне экскурсиялық сапарға шықты. 

 

 

Шәкәрім университетінің ректоры Думан Орынбеков бастаған форум қонақтары алдымен Күшікбай монументіне соғып, Абай, Шәкәрім, Мұхтар да сан рет сусындаған Күшікбай бұлағынан шөл басты.

 

 

Келесі кезекте М.О. Әуезовтің ата қонысы – Бөріліге жол тартқан көліктер керуені жазушының музей-үйінде болып, Абайды әлемге танытқан қазақ әдебиетінің классигі, шоқтығы биік тұлға, ғалым, қоғам қайраткері, әлем әдебиетінің мақтанышы Мұхтар Омарханұлының балалық және жастық шағы өткен ыстық ұясымен, мол рухани мұрасымен  танысты. 

 

 

 «Еңлік-Кебек» ескерткішіне, сосын ұлы ақынның кіндік қаны тамған жер – Сырт Қасқабұлаққа келіп,  Абай су ішкен бұлақтың жағасына домбыра пішінінде жасалған нысан басындағы ақынның 45 қара сөзі үш тілде жазылған мәрмәр тастардың жанында естелік суретке түсті. 

 

 

Еліміздің 70-ке жуық жоғары оқу орнының әлеуметтік және тәрбие жұмыстары жөніндегі проректорлары, Жастар саясаты департаменттерінің басшылары мен белсенді студенттер - барлығы 200-ге жуық адам республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіші – Жидебайдағы Абай музей-үйіне ат басын тіреді. Қонақтарды Абай ауданының белгілі өнер ұжымы «Қаламқас» халықтық ән-би ансамблі Абай  әндерімен, әдемі көрініспен  қарсы алды.  

 

 

Ақынның өз жобасы бойынша салынған қыстауы – қазіргі  мәдениет  ордасында форум қатысушылары  дала данышпанының өмірі мен шығармашылық жолынан толық мағлұмат алды. Оның өзі тұтынған заттарын көріп, сырына қанықты.  

Абай-Шәкәрім мемориалдық кешенінде бір әулеттен шыққан қос ұл, қос данышпан – Абай мен Шәкәрімнің рухына тағзым етті.

 

 

«Ұлылардың мекені, Абай атамыздың туып өскен жерінде осындай үлкен форумның өтуі,  соның ішінде Абай еліндегі білімнің қарашаңырағы – Шәкәрім университетінде мән-маңызы зор іс-шараның өтіп жатқандығы, әрине, бүкіл жан-дүниемізге рухани шабыт беретіні ақиқат. Абайдың «Толық адам» ілімін өңірлерде ғана емес, республика деңгейінде насихаттау, әрине, басты орында. Алдағы уақытта осы ілім Мемлекет басшысының бастамасымен жанданып, тек жас ұрпақтың ғана емес, мемлекеттің  барлық салаларына енгізілуін алғышарт етіп отырған жағдайы бар. Бастама берекелі, жемісті болсын. Шәкәрім университетіне Әуезов университеті атынан шынайы ризашылығымызды білдіреміз. Өйткені, екі университет те ұлылардың есімін иеленіп отырғандығымен дараланады,- дейді М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінің баспасөз хатшысы, абайтанушы, әуезовтанушы Әзімхан Исабек.

 

 

Бұл рухани мазмұны терең, тағылымы мол экскурсия жастар үшін үлкен тәрбиелік мәнге ие болды. Абайдың туған топырағына, ғұмыр кешкен мекеніне табан тіреген әр қатысушы ақынның әлемдік деңгейдегі ойшыл ретіндегі болмысын, «Толық адам» ілімінің терең философиялық мәнін жүрекпен сезінді. Форум аясында өткен бұл сапар — руханияттың, ұлылар мұрасын дәріптеудің, ұлттық құндылықтарды жаңғыртудың жарқын үлгісі болды. Осындай игі шаралар арқылы жастар ұлттың алтын діңгегі – рухани мұраны бойына сіңіріп, ел болашағына деген жауапкершілігін тереңірек сезінеді.