Маусымның 22-23 күндері Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойы аясында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті мен М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің студенттері мен қызметкерлерінің Абай облысына танымдық сапары өтті. Сөйтіп, Шыңғыстаудың үш шыңы – Абай, Шәкәрім, Мұхтардай үш алыптың есімдерін еншілеген үш оқу орнының ұландары Ұлылар мекенінде бас қосты.
Бұл сапар Қазақстанның рухани тарихы мен мәдени мұрасын тереңірек танып, жастарға ұлттық құндылықтарымызды ұғындыруға бағытталған маңызды іс-шара болды.
Шәкәрім университетінің ұйымдастыруымен өткен іс-шараға ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Ербол Ердембекұлы Тілешов, М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің ректоры Дархан Жұмақанұлы Ахмед-Зәки арнайы келді.
Ұлттың рухани жаңғыруына бағытталған іс-шара аясында жас ұрпаққа Абай шығармашылығы мен өмірін тереңірек таныстыруға ерекше көңіл бөлінді. Осы ретте «Абай және ұлттық руханият» ғылыми орталығының ғылыми қызметкері, PhD Қарлығаш Әубәкірдің «Абай философиясындағы метафизика және «Толық адам»» атты дәрісі өтті. Ғалым өз дәрісінде Абайдың адам табиғатына, оның жан-дүниесіне, өмір мен өлім, ақыл мен сезім арасындағы байланыстарға деген көзқарасын жан-жақты ашып көрсетті. Абайдың философиясындағы «Толық адам» концепциясы – рухани кемелдікке ұмтылу, білім мен мінез-құлықты үйлестіру, адамгершілік пен ізгілікке негізделген тұлға қалыптастыру идеясы ретінде қарастырылды.
Келесі кезекте қонақтар университеттегі Шәкәрім музейін аралап, қазақ философиясы мен әдебиетінің елеулі тұлғаларының бірі Шәкәрімнің өмірі мен шығармашылығымен танысты. Мұнда қазақ руханиятының дамуына қосқан үлесі, Абай дәуірінің жалғасы ретінде оның философиялық және әдеби мұралары кеңінен насихатталды.
Танымдық сапар қатысушылары Семейдегі «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-қорығын, Невзоровтар отбасы атындағы бейнелеу өнері музейін аралап, «Ұстаз бен шәкірт» және Абай ескерткіштері алдында естелік суретке түсті.
Кешінде жастар «ShakarimQuiz» интеллектуалды ойынында білімдерін сынап көрді.
Танымдық сапардың ең басты және мәні зор бөлігі – Абайдың туған жеріне жасалған сапар болды. қонақтар Күшікбай монументіне, БөрілідегіМ.О. Әуезовтің музей-үйіне, «Еңлік-Кебек» ескерткішіне, ұлы ақынның кіндік қаны тамған жер – Сырт Қасқабұлаққа, сондай-ақ, Жидебайдағы Абай музей-үйіне ат басын тіреп, Абай-Шәкәрім мемориалдық кешенінде Абай мен Шәкәрімнің рухына тағзым етті.