пресс-служба Университета Шакаримақысқы мектеп

ІЛГЕРІЛЕУ ІЗДЕНІСТЕН БАСТАЛАДЫ

Shakarim University оқытушыларына арналған қысқы мектептің «Ғылымдағы заманауи тенденциялар» сессиясында университеттің Ғылыми зерттеулерді ұйымдастыру орталығы «Студенттерді ғылыми-зерттеу жұмысына тартудың тиімді әдістері» тақырыбында семинар өткізсе, Инновация дамыту орталығының жетекшісі Әділет Сүгірбай  Scopus тізіміне кіретін журналға мақала жазу тәртібі жайлы дәріс оқыды.

 

 

Ғылыми зерттеулерді ұйымдастыру орталығының басшысы Әсемгүл Байқадамова студенттер арасында ғылыми белсенділікті дамытуға бағытталған кешенді бағдарламаны ұсынды, студенттер іс-әрекетінің түрлері талқыланды, ғылыми-зерттеу жұмыстарына қатысқан студенттердің статистикасы, республикалық және халықаралық пәндік олимпиадаларға қатысу нәтижелері ұсынылды. 2024 жылғы республикалық ғылыми-зерттеу жұмыстары байқауында қол жеткізген елеулі нәтижелерге ерекше назар аударылды. Бұл байқауда тапсырылған 83 жұмыстың 28-і жүлделі орындарға ие болған еді.

 

 

Семинардың тәжірибелік бөлімінде қатысушылар ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұйымдастырудың 3 кейсіне талдау жасады. Әр топ өз ұсыныстарын және мәселелерді шешудің жаңа тәсілдерін ұсынды.Қатысушылар студенттердің ғылыми-зерттеу жұмыстарын дамытудың маңыздылығын және университеттегі ғылыми бастамалардың өзектілігін атап өтті.

 

 

Ал, Әділет Сүгірбай  өз дәрісінде ғалымдар үшін ғылыми мақалалар жарияланымының маңызы туралы айтып, мақаланың стандартты құрылымымен таныстырды,  аннотациядан бастап қорытындыға дейінгі әр бөлімнің қалай жазылуы керектігін тәптіштей түсіндірді. Сонымен қатар, ол ғылыми мақаланың мазмұны мен стиліне қойылатын негізгі талаптарды атап өтіп, ғылыми жарияланымның сапалы болуы ғалымның өзі үшін үлкен маңызға ие екенін айтты. Бұл, ең алдымен, ғалымның кәсіби беделін арттырып, оның ғылыми қауымдастықтағы орнын айқындай түседі. Әділет Сүгірбай ғылыми мақаланың сапасы мен оның дұрыс құрылуы зерттеу нәтижелерін халықаралық деңгейде мойындатуға мүмкіндік беретініне ерекше тоқталды.

 

«Ғылыми мақалалардың жарыққа шығуы – ғалымға өзінің зерттеу нәтижелерін әріптестері мен көпшілікке тез жеткізуге жақсы мүмкіндік. Сонымен қатар, жарияланымдар ғалымның беделін қалыптастыруға, оның идеяларын ілгерілетуге және ғылыми мұра жасауға көмектеседі. Ғылыми мақаланың жарық көруі – ғылымды алға жылжытудың бір тәсілі» - деді ол.