Новости 11.09.2025

Президент Жолдауы және заң саласындағы өзгерістер

Президент Жолдауы және заң саласындағы өзгерістер

Нәзигүл Газизова, Социологиялық талдау орталығының координаторы, педагогика ғылымдарының кандидаты, құқықтанушы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында еліміздің қазіргі даму бағытына тоқталып, Үкімет пен мемлекеттік органдарға бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді. Бұл тапсырмалар – Қазақстанның болашақтағы тұрақты дамуына негіз болатын басты бағыттар.

Президент атап өткендей, «Заң және тәртіп» – мемлекеттің мызғымас тұғыры. Қоғамда осы қағиданы толық орнықтыру үшін барлық құқық қорғау және сот органдары арасында біртұтас ұстаным мен ортақ көзқарас қалыптасуы тиіс. Бұл дегеніміз – заң бұзушылыққа нөлдік төзімділік танытып, кез келген құқыққа қарсы әрекетке тосқауыл қою. Мемлекет басшысы бұл бағыттағы жұмыстың тек жазалау шараларымен шектеліп қалмауы керектігін, құқықбұзушылықтың алдын алу мен әділеттілікті қамтамасыз етудің маңызды екенін ерекше атап өтті.

Жолдауда заңнамалық жүйенің қазіргі жағдайына да сын айтылды. Мемлекет басшысы қазір елімізде 21 кодекс пен 300-ден астам заң бар екенін, олардың көпшілігіне уақыт өте келе тым жиі өзгерістер енгізіліп, кейбір құқықтық нормалар бір-біріне қайшы келетін жағдайлар туындап жатқанын, бұл өз кезегінде қолдану тәжірибесін қиындатып, азаматтардың заң алдындағы сеніміне сызат түсіруі мүмкін екендігіне тоқталды.  Осыған байланысты Президент жаңа Салық кодексі мен жалпы құқықтық базаны қарапайым әрі түсінікті ету керектігін баса айтты.

Мемлекет басшысы құқық қорғау саласындағы реформалардың жалғасатынын мәлімдеді. Бұл ретте, жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды құқық саласында қолдану – жаңа кезеңнің талабы. Әсіресе құқықбұзушылықтардың алдын алуда, қылмыстық істерді дер кезінде ашуда, заң бұзушылықтар бойынша мәліметтерді талдауда ЖИ технологиялары үлкен рөл атқара алады.

Қазақстанда құқықтық реформалар мен цифрлық технологияларды ұштастыра отырып, әділ, ашық және заманауи құқық жүйесін қалыптастыру – мемлекет дамуының маңызды бағыты болып қала береді.

 

Комментарии (0)

Оставить комментарий