Шәкәрім университетінде профильді-шыны конструкцияларын жинау цехы ашылды.Ашылу салтанатына университет басшылығы мен профессорлық-оқытушылар құрамы қатысты.
Университет базасында орналасқан, заманауи құрылғылармен жабдықталған жаңа цехтың әртүрлі өлшемдегі пластикалық терезелерді шығару мүмкіндігі бар.
Цехтың бас инженері Төлеубек Шаймұратұлының айтуынша, мұндай өндіріс цехының оқу орнында ашылуы университет ғимараттарының ескірген есік-терезелерін жаңартудағы тиімділігімен қоса, жұмыстың сапалы орындалуына да мүмкіндік береді. Қазір цехта үш адам еңбек етіп жатыр.
Пластикалық терезелерді өндіру бірнеше кезеңнен тұрады: ПВХ профильдерін және металл бекіткіштерін кесу, профильдерді өңдеу және фрезерлеу, профильдердің түйіскен бұрыштарын 250 градустық температурада қыздыру арқылы бір-біріне жапсыру, әйнек орнату, дайын өнімді құрастыру. Бұл жұмыстарға арнайы жабдықтар – профиль кесетін аралар, фрезерлік станоктар, дәнекерлеу аппараты, әйнек орнату құрылғысы т.б. қолданылады.
Университет қазіргі таңда жаңа зертханалар ашуды қолға алып жатқаны белгілі. Осы ретте бұл цехта өндірілген пластикалық терезелер жаңа зертханалық ғимараттарға орнатылып, университеттің инфрақұрылымын жаңғыртуға үлес қосады.