Новости 08.10.2025

Қазақ руханиятындағы ұлы мәдени мұра

Қазақ руханиятындағы ұлы мәдени мұра

Шәкәрім университетінің жанындағы Шәкәрімтану ғылыми орталығы, университеттің «Тарих және археология» ғылыми орталығы мен «Жәрдем» баспа компаниясының ұйымдастыруымен «Жәрдем» баспа компаниясының 115 жылдық мерейтойына арналған алғашқы ғылыми отырыс өтті.

Отырыста Шәкәрім университетінің профессорлары Мұқтарбек Кәрімов, Амантай Исин, Шәкәрімтану ғылыми орталығының жетекшісі Тұрдығұл Шаңбай, «Жәрдем» баспа компаниясының директоры Айдар Ғали-Арыстанұлы, университеттің «Тарих және археология» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі Еркін Рахметуллин мен ғылыми қызметкері Мадияр Насыров, «Шәкәрім музейі» қорының сақтаушысы Гүлнұр Төртенова және студенттер қатысты.

Семейде алғаш ашылып, руханиятқа өлшеусіз үлес қосқан «Жәрдем» баспаханасын 1917 жылы ақпан төңкерісінен соң Семей облыстық қазақ комитеті сол уақыттағы дәулетті қазақ байларының көмегімен ағайынды татар көпестері Нығматуллиндерден сатып алады. Ғалымдардың айтуынша, литографиялық әдіспен жұмыс істейтін бұл баспахана 1910 жылы Томск қаласынан әкелінген екен. Онда негізінен татар тілінде газеттер, татарша және қазақша кітаптар басылып шыққан. Атап айтқанда, 1912 жылы Шәкәрім Құдайбердіұлының бірнеше әдеби шығармалары жарық көрген. Ол туралы белгілі абайтанушы ғалым Қайым Мұхамедханов «Шаһкәрім» атты зерттеу еңбегінде: «Шаһкәрімнің 1878 жылдан бастап, 1904 жылға дейінгі жазған өлеңдері «Қазақ айнасы» (бірінші бөлім) деп аталып, 1912 жылы жеке кітап болып Семейде басылып шықты...» деп атап көрсеткен.

Ғалым Мұқтарбек Кәрімов Семей жеріндегі алғашқы баспахананың тарихына кеңінен тоқталды. Профессордың айтуынша, Семейде ашылған «Жәрдем» баспаханасы ұлттық мүдде тұрғысынан жұмыс істеген алғашқы баспа орны болды. 1900-жылдардың басында ағайынды Сұлтан, Садық, Хасан Нығматуллиндер құрған бұл баспахана қазақ тіліндегі тұңғыш кітаптарды, өлеңдер жинақтарын, оқулықтарды және көркем әдеби шығармаларды жарыққа шығарды. Ғалым бұл баспаның тек кітап шығарып қана қоймай, ұлттық сананың оянуына, ағартушылық пен демократиялық идеялардың таралуына тікелей қызмет еткенін ерекше атап өтті. «Жәрдем» баспасынан жарық көрген еңбектер – сол кезеңдегі қазақ зиялыларының ел болашағына, білім мен мәдениетке деген көзқарасының айнасы іспеттес болды деді ол. Сондай-ақ, ғалым әріптестерін университетте білім алып жатқан магистранттарға Семей жеріндегі баспасөз тарихын диссертациялық мақала тақырыбы ретінде беруді ұсынды.

Тарихшы-ғалым Амантай Исин «Жәрдем» баспасының қазақ мәдениетіндегі маңызы жайлы айта отырып, оны ХХ ғасырдың басында Семейдің руханиятындағы көрнекті құбылыс болды деп бағалады.

Биылдың өзінде екі рет Қазан қаласына сапарлаған Мадияр Насыров кезінде Қазан баспасынан жарыққа шығып, қазақ даласында тараған көптеген кітаптардың түпнұсқаларының Қазандағы Татарстан ұлттық музейі мен Ұлттық кітапханасында сақталғанын жеткізді.

Ал Айдар Ғали-Арыстанұлы:

-«Жәрдем» баспасы қазақ тарихындағы, Алаш мәдениетін, Алаш өркениеті мен тарихын қалыптастыруда шешуші рөл атқарған қазақ баспагерлерінің алдыңғы авангарды деп айтуға болады. Біз Шәкәрімнің, Алаш арыстарының еңбектерінің жарық көруіне қызмет еткен баспаны жаңғыртуды 2000 жылдардан бастап қолға алдық. Баспаның атауын рухани жаңғырта отырып, Семейдегі ғылыми орталықтармен, музейлермен, оқу орындарымен, кітапханалармен бірге жұмыс істеп келеміз. Қазіргі уақытта Шәкәрім еңбектері, өңіріміздегі ғалымдар мен жас зерттеушілердің еңбектері, ақын-жазушылардың кітаптары бүгінгі жаңа, түлеген «Жәрдем» баспасынан шығып жатыр. «Жәрдем» баспасының 115 жылдығына орай Шәкәрім университеті жанындағы Шәкәрімтану ғылыми орталығының жетекшісі Тұрдығұл ағамыздың бастамасымен «Жәрдем» баспасының өткені мен бүгіні деген бағытта ғылыми зерттеу жинақтау ойымызда бар- дейді.

Комментарии (0)

Оставить комментарий