Студенттік театрдың маусымашары

Шәкәрім университетінің «Қарагөз» студент-жастар театры жаңа маусымның шымылдығын Мұхтар Әуезовтің әйгілі «Қарагөз» драмасымен түрді. Бұл — театр ұжымының өнерге деген құрметі мен биік талғамының айқын көрінісі.
Студенттік театр әртістерінің өнерін университетте өткен отандық қой шаруашылығын дамыту мәселелеріне арналған халықаралық семинар-кеңес қатысушылары тамашалап, өз бағаларын берді.
Бүгінде аталмыш театр репертуарында «Мазасыз маусым», «Шәкәрім әлемі», «Ғашықтар хикаясы», «Тағдыр ма әлде», «Миллион», «Мұңлы муза», «Тағдырымның есімі» сынды заманауи және дәстүрлі бағыттағы бірқатар қойылымдар бар. Театрдың режиссері — «Дариға-ай» жастар театрының актері Еркебұлан Нұғыманов.
Қазір театр құрамында 50-ден астам жас өнерпаз әртістік қабілетін шыңдап жүр. Қазан айында олардың қатары алғашқы курс студенттерімен толығуы жоспарланып отыр. Бұл — театрдың шығармашылық тынысын кеңейтіп, жаңа есімдердің өнер сахнасына шығуына жол ашпақ.
«65 жылдық тарихы бар бұл ұжым алғаш рет «Еңлікгүл» атауымен құрылған. Театрдың алғашқы құрамында университет профессоры Арап Еспенбетов, даңқты мұғалім Қанипа Бітібаева өнер көрсеткен. Театрдың қалыптасуына халық әртісі Әбілқасым Жаңбырбаевтың да үлесі зор болған. Ол жас актерлерге шеберлік сабағын өткізіп, кәсіби бағыт берген»- дейді университеттің Студенттік филармония меңгерушісі Ерғали Бектенов.
Алдағы маусымда ұжым көрнекті қаламгерлер — Оралхан Бөкей мен Мұхтар Мағауиннің шығармаларын сахналауды көздеп отыр. Бұл бағыттағы ізденіс — театрдың рухани биігін айқындай түсетін маңызды қадамдардың бірі.