Новости 26.10.2025 18

Тәуелсіз елдің мақтаныш мерекесі

Тәуелсіз елдің мақтаныш мерекесі

Біздің мемлекеттілігіміздің тарихы, жалпы қазақ даласы қашанда дала философиясымен, еркіндік ұғымымен тығыз байланыста дамып отырған ерекше құбылыс. Мен үшін Республика күні ата-бабаларымыздан қалған «Мәңгілік ел» ұғымының бір көрінісі. Оны біз егемендік пен еліміздің тұрақты дамуы деп қабылдаймыз.

Республика күні – еліміздің барлық азаматтары үшін ортақ мереке. Республика күні ұлттық мереке болып алғаш рет 1995 жылы қазанда жарияланған болатын. Одан бері 30 жыл өтсе, биыл Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының Мемлекеттік егемендігі туралы декларациясының қабылданғанына 35 жыл толып отыр. Бұл – тарих. Тарих дегеніміз жай ғана жылнамалар, архив құжаттары немесе жыр-дастандар емес. Оларды оқып, түсінуге әрекет қылғанда ғана тарих деген түсінік қалыптасады деп ойлаймын. Қазір жастардың әдебиетке деген қызығушылықтары жоғары, әдебиет арқылы олар тарихи баяндарға, одан әрі тың деректерге шығып, тарихсырларын ашатындарынакүмән жоқ.Зерттеушілік қабілет, қызығушылық пен жауапкершілік артатын болса, тарих та бар құпиясын жайып салады. Айтпағым,тек еңбектену керек. Еңбек, еңбек және еңбек.

Мен қазір ShakarimUniversity-де магистратурада білім алып жатырмын. Тарих және археология ғылыми орталығының ғылыми қызметкері болып жұмыс істеймін. «Тарихты қоршаған ортаңды танудан бастайсың» дегенге келісемін. Қазір өлкетану, Семей өңіріндегі қоғамдық қатынастардың тарихын зерттеп, тұлғалардың өмірбаяндарын зерделеп, ізденіс жолында жүрмін. Мақсатым – отандық тарих ғылымының дамуына өз үлесімді қосу.

Соңғы 30 жылда Қазақстан ғалымдары әлемдік аренаға шығып, жан-жақты бағытта еңбек етіп келеді. ІТ саласы болсын, биология, химия, археология және медицина салалары үздік университеттермен, ірі халықаралық ұйымдармен бірлесе жұмыс атқарады. Бұл – маңызды жетістік. Әлем елдерімен бірлесе жұмыс атқару, оларды өз елімізге тарту және өз өнімдерімізді ұсына білу –дамудың көрсеткіші. Жаһандану кезінде технологияларды меңгеру, ұлттық құндылықтарды ескеру, қоғамдық қатынастарды дамыту бойынша Қазақстанның көрсеткіші қуантарлық. Және осы бағытта дами беретініне сенімдімін.

Республика күні сынды ұлттық мереке еліміздің әр азаматының жүрегінде мақтаныш сезімін оятып, елсүйерлік рух туғызады. Патриотизм – ол қарапайымдылық. Отбасыңа, достарыңа, табиғат пен туған өлкеңе деген құрмет, туған тілің мен еліңді сүю, өзіңді танып білу. Осыны білген жан Отанын сүйген азамат ретінде қалыптасатыны анық. «Отан отбасынан басталады» деп текке айтылмаса керек.

Құрметті әріптестер, жерлестер, отандастар!

Баршаңызды Республика күні ұлттық мерекесімен құттықтаймын! Еліміздің тұрақты дамуын, халқымыздың амандығын тілеймін. Ынтымағымыз, береке-бірлігіміз арта берсін!

Мадияр Насыров, ShakarimUniversity магистранты

Комментарии (0)

Оставить комментарий