11 апрель 2022

«Күміс университеттегі» қазақ тілі курсы

 

Егде жастағы адамдардың әлеуметтік белсенділігін, шығармашылық дағдыларын, белсенді өмір сүру мүмкіндігін арттыру мақсатында Шәкәрім университетінің Кадрлардың біліктілігін арттыру және қайта даярлау орталығының аясында құрылған  «Күміс университет» өз жұмысын бірнеше  бағыт бойынша жалғастыруда.   Солардың бірі – тілдік курстар, яғни қазақ, ағылшын, түрік тілдерін үйренуге ниет еткен зейнеттегі тыңдаушыларға арналған курстарды жүргізу.  

Шәкәрім университеті мен «ШҚО Семей қаласының №3 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету және белсенді ұзақ өмір сүру орталығы» КММ арасында жасалған меморандум негізінде өткен аптадан бастап қазақ тілін үйрету курсы өз жұмысын бастады. Аталған орталықтың қызмет алушылары қатарынан мемлекеттік тілді меңгеруге ниет еткен тыңдаушыларға  сабақ дәстүрлі форматта өтуде. Негізі мақсат – тыңдаушылардың сөйлесім дағдыларын жетілдіру үшін күнделікті тұрмысқа қажет тілдік бірліктермен таныстыру, үйрету.  

 

Курсты Шәкәрім университетінің Кадрлардың біліктілігін арттыру және қайта даярлау орталығының маманы, «Қазақ тілі мен әдебиеті» ББ магистранты Мубаракова Салиха Ержанқызы  жүргізеді.