14 март 2021

ШӘКӘРІМ ШАҢЫРАҒЫ ҰЛЫСТЫҢ ҰЛЫ МЕРЕКЕСІ ҚАРСАҢЫНДА «КӨРІСУ» КҮНІН АТАП ӨТТІ

Қазақ филологиясы факультеті ұйытқы болған шарада шәкәрімдіктер бір-бірімен құшақ жая амандасып, айдан аман, жылдан есен шыққанына қуанып, ақ бата-тілектер айтып, ән мен күй тербеген көтеріңкі көңіл-күйде қарсы алды.
Университет ректоры Бауыржан Амангелдіұлы аталмыш мерекенің маңыздылығына тоқталып, өз сөзінде: «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында Наурыз мерекесін тойлау тұжырымдамасын құруға баса назар аударды. Осыған байланысты наурызды бірнеше күн тойлау бағдарламасы жасап шығарылды. Киелі шаңырақ - Шәкәрім университеті  ұлттық мұраны дәріптеуге бағытталған бағдарламаны қолдап, он күн бойы университет қабырғасында Наурыз мерекелерін атап өтпек... Көрісу күні, Амал күні немесе Сәлемдесу күні бұл күн әлем халықтарының мерекесімен тұспа-тұс келіп отыр. Елі қыстан аман-есен шыққанына қуанып, бір-бірімізбен құшақ жая көріскен мерекеміз құтты болсын!», - деді.
Факультеттің өнерпаз жастары ән мен жырдан шашу шашып, ой мен сөз жарыстыратын қазақтың өнері - төл  айтысты көрерменге паш етті. Жастардың айтыс өнеріне тәнті болған Ректор Б.Ердембеков, алдағы уақытта филология факультетінен түлеп ұшқан танымал айтыскер ақындардың басын қосатын дүлдүлді айтыс додасын жоспарлап отырғанын хабарлады. 
Айтулы шарада профессор-оқытушылар құрамы факультеттің жетістіктерге толы танымдық көрмесін ұйымдастырып болашақта іске асыратын жоспарлы-дамыту картасымен таныстырып өтті. Көрмеге ғалымдардың ғылыми еңбектері, оқулықтары және мемлекеттік деңгейдегі марапаттары мен алғыс хаттары да қойылды. 
Жиын соңында ф.ғ.д. профессор Еспенбетов Арап Слямұлы жастарға ақ батасын беріп, еліміз бен жұртымыздың амандығын тіледі.
Айта кетейік, тізбекті мерекелік іс-шараның «Жайлау күні» 15 наурызда сағат 11:00де Инженерлік-технологиялық факультетінде атап өтіледі.

Последние новости