Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі26 қыркүйек 2022тұсаукесер, болмыс

ШӘКӘРІМ ШАҢЫРАҒЫНДА "БЕЙСЕН ЖӘНЕ БОЛМЫС" КІТАБЫ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

Шәкәрім университетінде автордың қатысуымен «Бейсен және болмыс» кітабының тұсаукесері өтті. Рәсімге университет басшылығы, облыстың зиялы қауым өкілдері, педагогтар, ақын-жазушылар және университет пен мектептің білім алушылары қатысты.
Кітапта белгілі журналист, қоғам қайраткері Бейсен Құранбек болмысына экзистенциялық талдау жасалған. Бейсеннің өмірінен мысал келтіре отырып, экзистенция, логотерапия психологиясы ұғымдары кеңінен түсіндіріледі. Туындыда адам болмысы, қалай ашылды, қалай көрінеді, өмірдегі мәнін қалай анықтайды деген әртүрлі сұрақтарға жауап беріледі.
Кітаптың салтанатты лента қию рәсімі Шәкәрім университетінің басшысы Б.Ердембеков, Шәкәрім атындағы үш тілде оқытатын көпбейінді гимназия директоры А.Аубакирова, «Сенімен болашақ» Республикалық қоғамдық бірлестігінің Абай облыстық филиалының басшысы А.Рахметуллиндерге берілді.
Жиында Басқарма төрағасы Бауыржан Ердембеков туындының әрбір қазақтың қарашаңырағында болуы керектігін сөз етті.
– "Қалай бай болу туралы кітап көп. Қалай адам болу туралы кітап жоқ. Мынау сол жоқ... Кітап аламыз! Әрбір кітап сүйер қазаққа сыйлайтын аса бағалы сыйлық. Әсіресе, шәкәрімдіктер үшін. Біздің миссия: ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген маман ғана емес, Абай аңсаған кемел(толық) адам тәрбиелеп (қалыптастырып) шығару. Ал, Абайдың қармана іздеп жүргені кім, ол бүгінде – Бейсен Құранбек"! – деді Бауыржан Аманкелдіұлы.
Тұсаукесер барысында кітап авторы Санжар Керімбай кітапта Б.Құранбектің өмірінен түрлі қызықты деректер берілгендігін, оған философиялық, экзистенциялық бағытта талдау жасалғандығын айтты. Бұл – оқырманға кітапты жай ғана оқып қоя салмай, ондағы айтылған ойдың астарын, салмағын түсініп, өзін тануға, Бейсенді тануға, болмысқа терең бойлауға мүмкіндік береді. Кітаптың шығуына «Отбасы хрестоматиясы» қоғамдық қоры себеп болған. Айта кетерлігі, бұл қордың да атауын Бейсен Құранбек қойыпты.
Жиын соңында Шәкәрім шаңырағы мен "Отбасы хрестоматиясы" Қоғамдық Қоры арасында байланыс орнап, тараптар ұрпақ тәрбиелеу мәселесінде бірлескен жобаны жүзеге асыратын болады.