пресс-служба Университета Шакарима16 январь 2025қысқы мектеп

БІЛІМ САПАСЫН ЖАҚСАРТУДАҒЫ ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТІНІҢ МҮМКІНДІКТЕРІ

Shakarim University оқытушыларына арналған қысқы мектептің «Білім беру үдерісіндегі заманауи технологиялар» сессиясында Astana IT University-дің сеньор-лекторы Арайлым Әшімбекова дәріс өткізді. «Білім беру үдерісіндегі генеративті жасанды интеллект негіздері» тақырыбындағы дәріс барысында оқытушылар жасанды интеллект (АІ) құралдарын тиімді пайдалануды үйрену мүмкіндігіне ие болды.

 

 

«Жалпы курс барысында біз қатысушыларды жасанды интеллект негізінде жасалған ChatGPT, Gemini, Deepl, Gamma app, Connected papers, Consensus және басқа да технологиялармен таныстырамыз. Мысалы,  ChatGPT — бұл OpenAI компаниясы жасаған жасанды интеллектке негізделген тілдік модель. Ол мәтінді түсініп, оған жауап беруге қабілетті, диалог құруға, ақпарат беруге, сұрақтарға жауап беруге, кеңес беруге, мәтін жазуға және тағы басқа көптеген тапсырмаларды орындауға арналған. Ол табиғи тілдегі мәтінді өңдеу мен генерациялауда жақсы құрал деуге болады және адамдарға әртүрлі салаларда көмек көрсетуге бағытталған»- деген Арайлым Әшімбекова ChatGPT-дің оқытушыларға  материал дайындауда, қиын тақырыптарды студенттерге қарапайым тілмен түсіндіруге, бағдарламалауға, студенттерді бағалауға және уақытты үнемдеуге септігін тигізетінін атап өтті.

 

 

Білім мен ғылымда жасанды интеллектіні қолданудың жаңа құралдары мен тәсілдерін меңгеруге арналған курста оқытушыларға оқу материалдарын дайындауда тиімділік пен креативтілікті арттыруға көмектесіп, студенттердің оқу тәжірибесін жақсартатын —  Gamma.app, жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін жоғары сапалы аударма қызметі — DeepL, зерттеу жұмыстарының сапасын арттыруға және уақытты үнемдеуге көмектесетін керемет құрал — Connected Papers, сондай-ақ, ғылыми зерттеулер жүргізетін оқытушыларға, магистранттарға немесе ғылыммен айналысатын кез келген адамға пайдасы мол Consensus платформасы таныстырылып, оларды оқыту процесінде тиімді қолдану жолдары  көрсетілді.