пресс-служба Университета Шакарима24 сентябрь 2024шәкәрім университеті

ҒАЛЫМҒА ҚҰРМЕТ – ҒЫЛЫМҒА ҚҰРМЕТ

Shakarim University-де ветеринария ғылымдарының докторы, профессор Серғазы Тұрлыбекұлы Дүйсембаевтың 70 жылдық мерейтойына арналған «Ветеринариялық-санитариялық сараптама: жануарлардан алынатын өнімдердің сапасы мен қауіпсіздігін шешу жолдары мен мәселелері» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Конференцияға Қазақстанның және Ресей, Жапония елдерінің ғалымдары қатысты.

Шәкәрім университетінің ректоры Думан Орынбеков  мерейтой иесін құттықтап, ғалымның  өмірі және ғылыми жетістіктерімен таныстырды.

Конференцияның пленарлық мәжілісінде еліміздегі ветеринария саласының  саңлақтары мен шетел ғылымының үздіктері өздерінің мазмұнды баяндамаларын ұсынды.

С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің профессоры, биология ғылымдарының докторы Балғабай Майқанов, техника ғылымдарының докторы, профессор Құмарбек Әмірханов және биология ғылымдарының докторы, профессор, П.А. Столыпин атындағы Омбы мемлекеттік аграрлық университетінің кафедра меңгерушісі Михаил Заболотных өз баяндамаларында қазіргі тамақ өндірісі саласындағы мәселелерге тоқталып,  азық-түлік қауіпсіздігі шикізат өндірісінің сенімді және тұрақты болуын қамтамасыз етуден басталатынын баса айтты. Ал ветеринария ғылымдарының докторы, профессор, Алматы қаласындағы «Антиген» ғылыми-өндірістік кәсіпорнының бас директоры Нұрлан Ахметсадықов биотехнологиядағы заманауи шешімдер мен жоғары сапа  туралы талдау жасаса, Жапон елі Хиросима Университетінің PhD, профессор Hochi Masahuru Қазақстанда жүргізген радиациялық зерттеулері жайлы баяндамасын оқыды.  

Бүгінгідей кең ауқымды ғылыми-тәжірибелік конференцияның өтуіне себепкер болып отырған Серғазы Тұрлыбекұлы ветеринария саласында 40 жылдан аса жұмыс істеген майталман маман, жануарлар ауруларының алдын алып, емдеуде өзіндік қолтаңбасы бар білікті ғалым. С. Дүйсембаевтың Қазақстанның марал, жылқы және қой шаруашылықтарының дамуы, жануарлар ауруларының алдын алу, ветеринарлық-санитарлық сараптау және зерттеп-тексеру арқылы санитариялық тұрғыдан таза және қауіпсіз жануарлар өнімін шығару, Семей ядролық сынақ полигонына жақын орналасқан аймақтардың экологиясы т.б. тақырыптарда 500-ден аса зерттеу еңбегі жарық көрген.  Оның ішінде 14 ғылыми еңбегі шетелдік баспаларда жарияланса, 4 монография, 5 оқулық, 8 оқу құралы және 35 ғылыми ұсыныс, 32 патент пен авторлық куәліктері бар. Ветеринария саласында қажырлы еңбек етіп, үлкен ғылыми мектеп қалыптастырған ғалым  жемісті жетістіктерге қол жеткізді. Ғалымның бүгінгі жетістігі көп жылдарға созылған қыруар ізденіс пен мол тәжірибенің жемісі екені ақиқат.

Ғылыми-педагогикалық еңбек жолын 1985 жылы Семейдің зоотехникалық-ветеринариялық институтының паразитология кафедрасында ассистент қызметінен бастаған С. Дүйсембаев аталған институтта әр жылдары ветеринария факультеті деканының орынбасары, ветеринария факультетінің деканы, ветеринария кафедрасының меңгерушісі, Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің ғылым және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры, тәрбие ісі және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректоры болып қызмет істеді.

Ғалымның ғылым мен білім көшін ілгерілетудегі еңбегі елеусіз қалмай,  «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» атанып, «ҚР ғылымын дамытуға қосқан үлесі үшін» және Шәкәрім университетіне сіңірген ерекше еңбегі үшін «Шәкәрім» төсбелгілерімен марапатталған. Сондай-ақ, «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» мемлекеттік грантының иегері. Ал 2024-2026 жылдарға арналған мемлекеттік қаржыландырудың арнайы бағдарламасы бойынша 100 млн теңгелік грантты ұтып алуы оның ғылымға шынайы берілгендігінің айғағы.

Мерейтойы қарсаңында ғалымға құрмет көрсетіліп,  «Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің Құрметті профессоры» және «Қазақстан Республикасы Ұлттық аграрлық ғылым академиясының Құрметті академигі» атақтары беріліп, төсбелгілері табыс етілді. Сондай-ақ, еліміздегі ветеринария ғылымының дамуына қосқан үлесі үшін Салалық Кәсіподақтың «Елеулі еңбегі үшін» медалімен марапатталды.

Ал оқу ордасының  №5 оқу ғимаратында профессордың құрметіне дәрісхана ашылды.

Бүгін мәлім болған тағы бір қуанышты жаңалық – Қазақстан Республикасы Ұлттық аграрлық ғылым академиясының Абай облысында ашылатын орталығы Шәкәрім университетінде орналасып, оған Серғазы Дүйсембаев жетекшілік етпек.