пресс-служба Университета Шакарима13 декабрь 2024ескерткіш

КӨРНЕКТІ ҒАЛЫМДАР – ШӘКӘРІМ МУЗЕЙІНДЕ

Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күні қарсаңында Семей қаласында қазақтың дана ойшылы  Шәкәрім Құдайбердіұлына орнатылған ескерткіш салтанатты түрде ашылды. Ескерткіштің ашылу салтанатына қатысқан еліміздің бірқатар көрнекті ғалымдары 90 жылдық тарихы бар  Shakarim University-ге арнайы ат басын бұрды.

 

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Ербол Тлешов, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры, Қазақстан тарихшыларының ұлттық конгресінің төрағасы, академик Ерлан Сыдықов, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық құрылтай мүшесі, академик Кәрімбек Құрманәлиев, академик Шерубай Құрманбайұлы, Еуразия ұлттық университеті жанындағы «Ел тарихы» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Ерлан Сайлаубай,  «Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институтының директоры Жандос Әубәкір сынды белді ғалымдар биылғы мерейтой аясында ашылған бірқатар нысандарды аралап, Шәкәрім өмірі мен шығармашылығына арналған музейге аялдады.

 

Музей меңгерушісі Тұрдықұл Шаңбай музей экспозицияларымен таныстырып, ғұлама ойшылдың бай мұрасы жайлы терең мағлұмат берді. Директор музейдегі әрбір жәдігердің маңызын айшықтап, Шәкәрім Құдайбердіұлының өмірлік жолы, әдеби және философиялық еңбектері туралы қызықты деректермен бөлісті. Сонымен қатар, мұнда музейдің тарихи құндылығы мен оның жас ұрпаққа берер рухани тәлімі жайлы әсерлі әңгіме өрбіді.

 

1997 жылы Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің ректоры қызметіне тағайындалып, ұзақ жылдар басшылық еткен Ерлан Сыдықов:

«Мен Шәкәрім универсиетенің аяқ алысын үнемі қадағалап, тілекші болып отырамын. Өзіміз қалыптасуына бір  кісідей атсалысқаннан кейін де оқу орны мен үшін ыстық. Семей топырағы – қасиетті жер. Осы жерде қазақтың алғашқы зиялылары қалыптасты, алғашқы   оқу  орындары да осында ашылды. Бұл жерде үлкен дәстүр бар, терең тамыр бар. Міне, сол дәстүрді жалғастыруға, қалыптастыруға тырыстық, Университет жанына ескерткішінің орнатылуына мұрындық болдық, Шәкәрімтану ғылыми-зерттеу  орталығын аштық. Сөйтіп, «Шәкәрімтану мәселелері» деген жинақтар мен «Шәкәрім» журналын шығардық. 150 жылдық мерейтойына арнап Шәкәрімнің тұлғалық энциклопедиясы құрастырылды. Ол дәстүр ары қарай дамып келе жатыр. Сондықтан, Шәкәрім университетінің алар биігі әлі алда деп есептеймін.

Міне, Шәкәрім музейі ашылып жатыр екен. Тамаша музей! Мұндағы жинақталған материалдар жас ұрпаққа қызмет етсін дейміз. Бүгін Семей қаласында Шәкәрімге арналған тағы бір ескерткіштің ашылғанына куә болдық. Мұның бәрі – Шәкәрімді дәріптеу.  Бұл дәріптеу  Шәкәрімге емес, Шәкәрім бізге керек. Оның ар ілімі, ұждан, адамгершілік, халыққа қызмет ету, адамды сүю жайлы  философиясын, осы идеясының бәрін жас ұрпақтың бойына сіңіруіміз керек»- дейді.

 

Құрметті қонақтарға Университетте 2005 жылдан бастап жарық көретін «Шәкәрім» журналының соңғы басылымы және 90 жылдық мерейтойға арнайы жасатылған кәдесыйлар табысталды.