пресс-служба Университета Шакарима18 декабрь 2024психология

ПСИХОЛОГИЯ САЛАСЫН ДАМЫТУДАҒЫ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ

«Семей қаласының Шәкәрім атындағы университеті» КеАҚ пен Абай облысы білім басқармасының «Өңірлік психологиялық қолдау әдістемелік орталығы» КММ арасында ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды. Ынтымақтастықтың негізгі мақсаты –білім беру сапасын арттыруға және психологиялық қолдауды дамытуға бағытталған ортақ бастамаларды іске асыру.

 

Меморандум шеңберінде  тараптар:  білім беру бағдарламаларын дамыту; психология және білім беру саласында   тәжірибе   алмасу, білім беру ұйымдары мамандарының біліктілігін арттыру, практика барысында өзін жақсы көрсеткен білім алушылардың жұмысқа орналасуына қолдау көрсету; психоэмоционалды көмек және білім беру ортасын дамыту мәселелеріне арналған ғылыми-тәжірибелік конференциялар, семинарлар т.б. іс-шараларды жүзеге асыруды жоспарлап отыр.

 

Меморандум негізінде Shakarim University білім алушылары мен оқытушылары Өңірлік психологиялық қолдау әдістемелік орталығының базасында тәжірибе жинақтап, өз кәсіби құзыреттіліктерін арттыра алады. Сонымен қатар, орталық мамандары университет студенттері үшін шеберлік сабақтарын, тренингтер мен оқыту курстарын өткізеді.

 

Өңірлік психологиялық қолдау әдістемелік орталығы директорының міндетін атқарушы Индира Тагиеваның айтуынша, бұл ынтымақтастық аймақтағы білім беру саласының мамандарын дайындаудағы өзекті мәселелерді шешіп, психологиялық көмек пен қолдау көрсетудің жаңа әдістерін енгізуге мүмкіндік береді.

 

Тараптар бірлесе отырып, білім беру мен психология саласына тың серпін беретін жобаларды жүзеге асыруға және психологиялық қолдаудың қолжетімділігін арттыруға мүдделі.