пресс-служба Университета Шакарима17 январь 2025тимбилдинг

ТАБИҒАТ АЯСЫНДА ӨТКЕН ТРЕНИНГ

Бірнеше күнге созылған қысқы мектеп курсының түйіні университеттің оқу базасында  тимбилдинг түрінде өткен «Өзгеріске ашық бол!» психологиялық икемділік тренингімен түйінделді.

 

 

Тимбилдинг –әртүрлі ойындар мен жалпы іс-шаралар арқылы топты біріктіруге бағытталған әлеуметтік-психологиялық тренинг. Қатысушылардың көшбасшылық қабілеттерін жетілдіру, өзгерістерге бейімділігін арттыру, жақсы қарым-қатынас орнату, кәсіби өсуге ынталандыруды мақсат еткен тренингті  Психологиялық қолдау қызметі орталығының басшысы Шолпан Сәтиева өткізді. 

 

 

«Кевин Мюррейдің «Көшбасшы харизмасы.  Өз командаңызды жетістікке  қалай ынталандыруға болады?» деген тұжырымына сүйене отырып, алты бағытты қарастырдық. Өзгеріс бағыты, психологиялық икемділік, басқару стратегиясы, қарым-қатынас коды, топтық стратегия,  ресми стратегия сынды бағыттарда командалар көшбасшылық қабілеттерді жетілдіру,   психологиялық икемділікті арттыру үшін әртүрлі жаттығулар мен тапсырмаларды орындады. Қатысушылар іс-шара барысында  өздерінің әлсіз түсіп жатқан жақтарын бағамдады деген ойдамын»- дейді Ш. Сәтиева.

Тимбилдингте әрбір топ мүшесі жеке және топтық деңгейде тапсырмаларды орындау арқылы өздерінің көшбасшылық қасиеттерін көрсетуге және командадағы рөлдерін тиімді үйлестіруге мүмкіндік алды.

 

 

Тренинг қатысушылары психологиялық икемділік пен өзгерістерге ашық болудың маңыздылығын түсініп, әртүрлі сценарийлер мен жағдайлар арқылы қалай әрекет ету керектігі туралы кеңестер алды. Қарым-қатынас орнатудың тиімді тәсілдері мен топтық стратегияларды қолдану арқылы топ мүшелері бір-бірімен ынтымақтастықта жұмыс істеп, әртүрлі қиындықтарды жеңуге дағдыланды.

 

 

Мұндай іс-шаралар тек кәсіби дағдыларды ғана емес, сонымен қатар, жеке тұлғаның психологиялық тұрғыдан өсіп, даму жолында үлкен үлес қосары сөзсіз.