Shakarim University-дің 90 жылдығы аясында "Табысты тұлғалардың дәрісі" айдарымен Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, химия ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, Инженерлік ғылымдар халықаралық ғылымдар академиясының академигі, «Қаныш Сәтбаев халықаралық қоры» ҚҚ қамқоршылық кеңесінің төрағасы, "Құрмет"орденінің иегері Алтынбек Нұхұлы университеттің профессорлық-оқытушылық құрамы мен студенттеріне дәріс өткізді.
Биыл Қазақ КСР Ғылым Академиясын ұйымдастырушы және оның тұңғыш президенті, Қазақ КСР Ғылым Академиясының академигі, Кеңес Одағы мен Қазақстанның металлогения мектебінің негізін қалаушы, қазақтың алғашқы академигі, қазақтан шыққан тұңғыш ғылым докторы, Шығыс елдерінің ғалымдары арасында ғылым мен техника саласындағы КСРО алғашқы академигі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының және Қазақстандағы Ленин сыйлығының бірінші иегері Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың туғанына 125 жыл толып отыр.
Қазақстандағы ғылым және техникалық дамудың көшбасшысы болған ғұлама ғалымның мерейтойына орай "Ұлт мақтанышы – Қаныш Сәтбаев" деп аталған дәрісінде Алтынбек Нұхұлы ұлтымыздың ұлы тұлғасының қазақтың ғылымынан бөлек руханиятына да айтулы үлес қосқанын атап өтті.
Қаныш Имантайұлының еліміздің жер қойнауын зерттеп, пайдалы қазбалар құпиясын ашып қана қоймай, 1927 жылы "Едіге" жырын Мәскеу қаласында кітап етіп басқызғаны, қазақтың фольклорлық мұраларын жинақтағаны және Мұрын жыраудың аузынан "Қырымның қырық батыры" жырын жазып алуға 10 ай уақытын сарп еткені жайлы әңгімелеп, қазақтың Қанышының көпшілік біле бермейтін қырларынан хабардар етті. Сонымен қатар, академиктің 125 жылдық мерейтойына орай елімізде атқарылып жатқан жұмыстармен де таныстырды.
Шәкәрім университеті Ғылыми Кеңесінің шешімімен профессор, академик Алтынбек Нұхұлына «Шәкәрім университетінің құрметті профессоры» атағы берілді.