Shakarim University оқытушыларына арналған қысқы мектептің «Білім беру үдерісіндегі заманауи технологиялар» секциясында Ұлттық тестілеу орталығының Ғылыми зерттеулер мен психометрика зертханасының меңгерушісі Ләззат Шинетова мен Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің оқытушысы Альмира Искакова «Тестология: студенттердің білімін бағалаудың заманауи тәсілдері» тақырыбында семинар өткізді.
Семинарда спикерлер білім беру саласындағы тестологияның рөлі мен маңызына тоқталды. Олар студенттердің білімін бағалаудағы заманауи тәсілдердің теориялық және практикалық негіздерін түсіндірді.
Спикерлер тест тапсырмаларын құрастырудың психометриялық принциптеріне тоқталып, тест мазмұнының сенімділігі мен сәйкестігін (валидтік) қамтамасыз ету жолдарын нақты мысалдармен көрсетті. Сонымен қатар, олар тестілеу студенттердің жеке ерекшеліктері мен оқу жетістіктерін объективті бағалауға ықпал ететін маңызды құрал екенін, олардың білім деңгейін анықтаудың әділ әрі сапалы тәсілдері оқу нәтижелерін жетілдіруге ықпал ететінін атап өтті.
Семинар барысында қатысушыларға тест құруға арналған заманауи платформалар мен цифрлық құралдар таныстырылып, олардың қолдану ерекшеліктері түсіндірілді. Семинардың интерактивті бөлімінде қатысушылар тест тапсырмаларын құрастырып, оларды бағалау әдістерін тәжірибе жүзінде қолданды.