пресс-служба Университета Шакарима16 май 2025сайыс

ЕЛІМІЗДІҢ БІЛІМ АЛУШЫЛАРЫ «СӨЗ ҒҰМЫР» САЙЫСЫНДА СЫНҒА ТҮСТІ

16 мамыр күні Шәкәрім университетінде көрнекті жазушы, тарихшы, этнограф, фольклоршы Зейнолла Сәніктің 90 жылдық мерейтойына  орай «Сөз ғұмыр» республикалық студент жастар сайысы өтті.  З.Сәнік атындағы мәдениет қоры және Шәкәрім университетінің филология жоғары мектебінің ұйымдастыруымен өткен дәстүрлі сайысқа еліміздің жоғары оқу орындарынан 20 білім алушы қатысты.

 

 

Ауқымды іс-шараны университеттің стратегия және әлеуметтік даму жөніндегі проректоры Асқар Қасымов құттықтау сөзбен ашты. 

 

 

Ал Зейнолла Сәнік атындағы мәдениет қорының атқарушы директоры, ақын Серік Қалиев мерейтой иесінің қазақ әдебиеті мен мәдениетіне қосқан үлкен үлесін атап өтіп, жастарға жазушы шығармашылығын зерттеудің маңыздылығын жеткізді.

"Бүгінгі сайысқа еліміздің түкпір-түкпірінен ақ үмітпен, зор сеніммен келген білімді де талапты шәкірттер! Зейнолла Сәнік аталарың бүкіл саналы ғұмырын баспа саласына, ел мұрасын жинауға арнаған, соңғы демі таусылғанша қолынан қаламы түспеген қарымды қаламгер. Жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан, биыл  жазушының   90 жылдық мерейтойына арналған байқаудың бәсі де жоғары. Өйткені, әр оқу орнынан тек бір ғана үміткер қатысып, мүшәйра, көркемсөз оқу және эссе жазу сынды үш аталым бойынша да бақ сынағалы отыр. Сіздерге сәттілік тілеймін"- деді.

 

 

Бұл іс-шара Зейнолла Сәніктің шығармашылығын, қазақ көркемсөз өнеріндегі қызметі мен орнын жастар арасында насихаттап, жастардың прозаға, поэзияға деген құштарлықтарын арттыру, бойларындағы ақындық таланттарын ұштауға  бағытталды.

 

 

 «Зейнолла Сәнік тағылымы» мүшәйрасы,  Зейнолла Сәніктің тарихи шығармаларынан көркемсөз оқу сайысы және «Сөз зергері – Зейнолла Сәнік» эссе байқауында сынға түскен жастардың  білімдері мен шығармашылықтарына   қордың атқарушы директоры Серік Қалиев, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, ф.ғ.к. Анарбай Бұлдыбай,  М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының профессоры, ф.ғ.д. Гүлжаһан Орда, Шәкәрім университеті Қазақ филологиясы және журналистика кафедрасының аға оқытушысы, ф.ғ.к. Талғат Қабышев  және Қазақ филологиясы және журналистика кафедрасының қауымдастырылған профессоры, п.ғ.к. Қаршыға Мұқановалар қазылық етті.

 

 

Сайыс барысында студенттер өз білімдері мен дайындықтарын жоғары деңгейде көрсете білді. Сонымен, тартысты бәйгенің Бас жүлдесін (500 000 теңге) М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің студенті Нұрай Қалиханова жеңіп алды.

І орынға (350 000 теңге) – С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің студенті Бекарыс Секенов лайық деп танылды.

ІІ  орынды (150 000 теңге) – Шәкәрім университетінің магистранты Талант Еженхан  мен Қазақ Ұлттық қыздар педагогикалық университетінің студенті Жақсыгүл Орынбай еншіледі.

ІІІ  орынға (75 000 теңге) –  Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің студенті Нұрбол Құралов, А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінің студенті Нұрай Талап мен Ә. Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің студенті Рамазан Дәуренбекұлы ие болды. 

Қатысушылар Алғыс хаттармен, ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды.

 

 

Сонымен қатар, осы іс-шара аясында Өмірхан Әбдиманұлы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессорлары, Анарбай Бұлдыбай және М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының профессоры  Гүлжаһан Орда «Табысты тұлғаның дәрісі» айдары аясында Шәкәрім университетінің студенттеріне дәріс өткізді.

 

 

Алыстан ат терлетіп арнайы келген қонақтар мен сайыскерлердің жетекшілері университеттегі Шәкәрімнің өмірі мен шығармашылығына арналған музеймен танысты.