29 қыркүйек 2022

Кемеңгер жазушы мерейтойына арналған шаралар жалғасуда

Бүгін Шәкәрім университетінде қазақтың көрнекті жазушысы, академик Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің туғанына 125 жыл толуына арналған «Мұхтар Әуезов және ұлт өркениеті» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция аясында Абай облысы Абай ауданының мектеп директорларына арналған «Көшбасшылық және басшының басқару тиімділігінің дағдылары» тақырыбындағы бір күндік тегін семинар-тренинг өтті.
     
Мақсаты – қазіргі әлемнің тұрақсыздығы жағдайында білім беру саласындағы көшбасшылардың кәсіби құзыреттіліктері мен әлеуетін арттыру.

Семинар бағдарламасы негізгі үш тақырыпты қамтыды:
«Әсер ету психологиясы» тақырыбындағы семинар-тренингті психология ғылымдарының кандидаттары Турсунгожинова Гульнар Сайлаухановна мен Беленко Оксана Геннадьевна өткізді. Тренинг барысында көшбасшылық қабілеттерді дамытуға арналған әртүрлі ойындар мен арнайы тапсырмалар орындалып, басқару дағдылары мен кәсіби құзыреттіліктері жетілдірілді.
«Білім беру жүйесіндегі өзгерістерді басқару» тақырыбындағы семинар тренингті Тлемисов Ұлан Бағдатұлы жүргізді. Семинар барысында білім беру жүйесіндегі көшбасшылық, оны жетілдіру мен тиімді қолдана білу жолдары түсіндірілді.
«Бухгалтерлік есеп - қаржылық сауаттылық негіздері» тақырыбындағы семинар-тренингті экономика және қаржы кафедрасының аға оқытушысы Измайлова Марина Васильевна өткізді. Семинарда мектеп басшыларына салықтың негізгі түрлері мен бюджетті басқара білу жолдары туралы қажетті ақпарат берілді.
 
✅Семинар-тренингтің қолданбалы сипаты тыңдаушылар көңілінен шықты. Кері байланыс кезінде мектеп басшылары өз ұсыныс-тілектерін айтып, спикерлерге алғыстарын білдірді.

Семинар-тренинг соңында қатысушыларға арнайы сертификат табыс етілді.