Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі30 қараша 2021

«ДАРИҒА, ДОМБЫРАМДЫ БЕРШІ МАҒАН!»

УА, ТҰРСЫНҒАЗЫ!

Бәйтеректің - домбыраң - сүйегінен.

Айналып-ақ кетейік тиегінен!

Тірлік ету пендеше - қиын саған,

кеудеңдегі періште - жүрегіңмен!

Тыныштықбек Әбдікәкімұлы.

Университетімізде Тұрсынғазы Рахимовтың рухы асқақтаған, қылқалам шеберлерінің өрнегі айшықталған үлкен игі шара өтті.

Салтанатты шара Гуманитарлық-экономика факультеті орналасқан №8 ғимараттың 2-қабатында жасақталған «Art Holl» көрмесінің ашылуымен басталды. Бояулары жымдасып, қыл қалам иелерінің тылсым әлеміне шақырған өнер туындылары ҚР суретшілер одағының мүшелері Өтепбаев Н.Н., Жуанышев Т.Р., Адылханов С.А., Татиев Т.А., ҚР дизайнерлер одығының мүшесі Нысангалиева Б.Т., Евразия дизайнерлер одағының мүшесі Жабагина К.Т., жас суретшілер Шаяхметов Ү.С., Кәрімова А.Т., сондай-ақ түлектер мен студенттердің шығармашылық жұмыстары.

Көрме лентасын ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Абай және ұлттық руханият» Ғылыми зерттеу орталығының жетекшісі ф.ғ.д. профессор Еспенбетов Арап Сләмұлы мен ҚР суретшілер және дизайнерлер одағының мүшесі, Өнер және музыка кафедрасының профессоры Өтепбаев Нұрбұлан Нұғыманұлы қиды. Жалпы көрменің мазмұны кескіндеме, графика, сәндік қолданбалы өнер техникасында орындалған жұмыстар.

Көрменінің ашылу салтанатынан кейін университет басшысы бастаған Шәкәрім шаңырағының қонақтары мен профессорлық-оқытушылық құрамын Қазақстанға еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, ұлағатты ұстаз Тұрсынғазы Рахимов атындағы Камералық залдың ашылу салтанаты күтіп тұрды.

«Қазағым-ай!», «Дариға, домбырамды берші маған!», «Сәби болғым келеді» әндерімен танымал, отыз жылдай қазақ даласын шарлап, өз өнерімен қалың қауымды сүйсіндірген, Семейлік әнші, композитордың мұрасы мен әншілік мектебін дәріптеп, дамыту – маман ғана емес, дарындардың ашылуына да сеп болып отырған оқу орнымыздың бір мұрат-мақсаты.

Төбе биіктігі 8 метр болатын 150 шаршы метр мөлшеріндегі залдың оң жақ қапталдағы қос есікті босағасы негізінен өнер көрсететін өнер иелеріне арналған. Себебі ол босаға аттаған бетте 30 кісілік оркестр немесе хор тобы сыйып кететін камералық залдың талғамына сай жасалған сахнаға апарады. Салтанат күні онда «Музыкалық білім беру» бағдарламасының студенттері мен оқытушыларынан құралған оркестр отырды. Ал, сол жақ қапталындағы қос есікті босаға залдың көрермендер отыратын алаңға апарады. Екі босаға аралығындағы қабырғаға атақты композитордың өмірінен сыр шерткен фото галерия орналастырылған. Төрдегі үлкен сахнаның артында проектордың кескін-сәулесі үшін дайындалған биіктігі 6 метрдей болатын «экран» қабырға. Салтанат күні онда Тұрсынғазы Рахимовты еске алу кешінің «Дариға, домбырамды берші маған!» атты тақырыбы мен композитор суреті бар баннер-афишаның кескін-сәулесі анық көрініп тұрды. Көрермендер отыратын алаңның үстінде балконы бар. Онда музыкалық аппаратура, проектор, сахнаға бағытталған жарық пушкалары орналасқан. Аталған жабдықтарға ие болатын музыкалық оператор, жарық түсіруші, т.б. техникалық жұмыс тобы балконға жоғарыда аталған «Art Holl» көрмесі жасақталған 2-қабат арқылы кіре алады.

Залдың ашылу салтанатының лентасын қию рәсімі композитордың жары Фатима ханым мен Т.Рахимовтың елу жылға жуық бір жүріп, сыйласқан сыралғы досы, ҚР Мәдениет қайраткері, «Тұрсынғазы Қорының» директоры Азаматов Адай Зейнолдаұлына берілді. Тарихи сәтті сахнадағы оркестрдің ойнақы, төкпе күйі көмкеріп, келген жанды рухтандырып жіберді.

Рәсімнен кейінгі «Дәриға домбырамды берші маған» атты еске алу кешінің шымылдығын университет басшысы Ердембеков Бауыржан Амангелдіұлы ашты.

«Әншілік дарыны мен композиторлық қарымы мұқым қазаққа мәлім Тұрсынғазы ағаның тұлғалық тұрпатын қалыптастырған нәрсе әнмен үндескен адамгершілік болмысы еді. Қарапайым, аңғал, аңқау тұрысы мен құрдастарының қалжың сөздері әншілік келбетін айшықтап, халық арасында көркем бейнесі қалыптасты. Халқы оның сол аңқылдаған, адалдық аңқып тұратын мінезін ерекше құрметтеп, сүйетін, сүйеді. Алпыстан астам әннің авторы.

Жүсіпбек Елеубековтей халықтан шыққан дарынның шәкірті болған Тұрсынғазы аға ұлттық нақыштағы ән мәнерін бойына сіңіріп, болашақ әндеріне де сол халықтық әуездің ерекше саздарын қосып отыратын. «Сәби болғым келеді» деп әуелей көтерілген ән сөзімен үндесіп, адам болмысының ерекше қырын танытса, «Дариға, домбырамды берші маған» деп, «Көкейкесті» күйінің әсерімен жан дүниені баурап алар жаңа әнін дүниеге келтірді», - дей келе Бауыржан Амангелдіұлы Т.Рахимовтың шығармашылық өмірбаяны мен әндерінің ерекшелігін талдап берді.

Ректор сөзінен кейін Шығыс Қазақстан облысының «Сәби болғым келеді» байқауының Бас жүлдегері, «Музыкалық білім беру» бағдарламасы бойынша оқитын университетіміздің 2 курс студенті Темірбек Нұрлыбектің орындауында композитордың бар болмысына айналған аталмыш әні шырқалды. Зал тебіренісі мен ризашылығы әркімге-ақ байқалып тұрды.

Университетіміздің құрметті профессоры, қылқалам шебері Нұрбұлан Өтепбаев өзінің құттықтау сөзінен кейін Фатима жеңгемізге Тұрсынғазы ағамыздың портретін тарту етті.

Ән кешінің салтанатын өнерпаз қонақтар жалғады. Мұқан Төлебаев атындағы музыкалық колледжінің ұстазы Алтын Смасейітова, Данияр Ахмадиев, Жасұлан Тәжиевтар ұстаздары жайлы тебіреніске толы естеліктерін айтып, композитордың әндерін орындады.

Семей қаласындағы облыстық тарихи-өлкетану мұражайының директоры, ақын Қайрат Сабырбай ізгі лебізін білдіріп, облыстық мәдениет басқармасының құттықтау адресатын университет басшысына табыс етті.

1998 жылы Төлеген Мұхамеджанов әнші-композитордың Астанада Жүсіпбек Елебековтің ән мектебін ашуына кеңес береді. Тұрсынғазы ағамыз бала мінезіне салып, көшуге Семейін қимай, ұсынысты қабыл ала алмайды. Төлегендей азамат көңіліне де қарайлаған ағамыз «Нені аңсаймын?» әнін жазып, сәлем қылып жіберген екен.

«Музыка және өнер» кафедрасының ұстазы, дәстүрлі әнші Қайрат Қабышев аталмыш әнді нақышына сала орындай келе, Тұрсынғазы ағамыздың нотаға түспеген «Шыңғыстау елім қалды-ау» әнінің тарихын айтып, кафедра ұстазы Ақмарал Мыңбаевамен бірге орындап берді.

Кештің қорытынды бөлімінде Т.Рахимовтың жары Фатима ханым бен композитордың досы Адай Азаматов университет ұжымына алғыстарын білдіре келе университет басшысын «Тұрсынғазы Қоры» атынан «Т.Рахимов атындағы сыйлықтың лауреаты» төсбелгісімен марапаттады.

«Музыкалық білім беру» бағдарламасы студенттерінің академиялық хорының орындауында «Дариға, домбырамды берші маған!» және «Қазағым-ай!» шырқалды. Бүкіл қазақтың жүрегінен жол тапқан бұл екі ән әсерлі өтіп жатқан кешті одан сайын рухтандырып жіберді.

Дарынды еске алу кешін жүргізген ақын, университетіміздің 2 курс магистранты Айбек Жеңісқазин кеш соңын Алмахан Мұхаметқалиқызының шынайы шумақтарымен аяқтады:

Еркелеу етіп сені елің,

Ән менен жырға бөледің.

Ерітіп жанды әуенің,

«Сәби де болған әуенің».

Сәбидей аңғал баласың,

Сырт көзге жәй бір ағасың.

Тұрсынғазы боп тарихқа

«Ақ бөкен» болып барасың.

Рухани күшті сезіндірген, Тұрсынғазы әлемін танытқан әсерлі кеш көптің көңілінен шықты. Кеш сценариіне ие болып, университет ұстанымы үдесінен шыға білген - Гуманитарлық-экономика факультеті. Факультет деканы Бактыгуль Бодауова мен кафедра жетекшісі Марал Татиева ұйымдастырушық қабілеттерін таныта білді.

Апта сайын ел мүддесі үшін өзекті тақырыптарды өзіне жүк еткен Шәкәрім шаңырағының тынысы кеңейе берсін!

 

Еркебұлан МҰҚАШЕВ

Медиа орталық жетекшісі