Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі10 желтоқсан 2021

ҒАЛЫМ АДАЛДЫҒЫНА ҚҰРМЕТ

Биылдан бастап университетімізде қолға алынған «Семей рухы» бастамасының басты мақсаты – шапағаты жалпақ қазақ жұртына жеткен туған өлкеміздегі тұлғаларды дәріптеу және олардың рухани мұрасын бүгінгі ұрпақ игілігіне жарату болып табылады.
Наурыз айында аталмыш бастама жоспарына «30 жылдыққа 30 игі шара» аясында оқу орнымызда тарихшы-ғалым, археолог Амантай Исаұлы Исиннің ғылыми кітапханасының ашылуы енгізілген болатын.
Шындығында ғалымдардың өз оқу орнында атаулы ғылыми кітапханасын ашу - сирек кездесетін үрдіс. Университет басшысы наурыз айында өткен оқу орнының ғалымдарымен кездесуінде осы үрдістің бастамасын археолог-ғалым Амантай Исаұлы Исинге ұсынған болатын. Өмірін ғылыммен өрнектеп, білгенін шәкірттерге арнап келе жатқан ғалым университет басшысының ұсынысын жылы қабылдап, үрдісті толықтай қолдайтынын айтты. Ақылдаса келе, игі шара ғалымның Тәуелсіздік күні қарсаңына тоқайласа жететін мерейлі 70 жасы күніне белгіленді.
Бүгін сол жоспардың мәрелі шағы болып, Шәкәрім шаңырағының №8 ғимараттың 2-қабатында ұстаз, ғалым Амантай Исаұлының 70жылдық мерей тойына орай атаулы кітапханасының ашылу салтанаты өтті. Кітапхана жалпы көлемі 90 шаршы метр мөлшеріндегі 2 бөлмеден тұрады. 1-бөлмесі «Оқу залы», 2-бөлме – «Кітапхана қоры». «Оқу залына» ілінген қабырға стендтерінде ғалымның өмір жолы, ғылыми жаңалықтары, ғылыми сапарлары мен экспедициялары айшықталған. «Кітапхана қорының» ең басты құндылығы – ғалымның қолжазбалары және сирек кездесетін жәдігерлер. Сондай-ақ, басым бөлігі республикалық кітаптханаларда да табыла бермейтін Амантай Исаұлының өзі оқып жинаған кітаптар қоры мен 1970 жылдардан бері келе жатқан республикалық ғылыми газет-журалдар тігіні жылдар-жылдар бойынша папкалармен қатталған. Мұнда ғалымның жеке қызығушылығы – кеңес заманынан келе жатқан, бала кезінен жинаған «значоктар» коллекциясы да бар.
Кітапхананың ашылу салтанаты «Тұлға. Тарих. Қоғам» атты халықаралық форуммен жалғасты.
Шараның алғысөзінде Шәкәрім университетінің басшысы Б.А.Ердембеков: «Еліміздің Шығысы археологиялық жәдігерлерге бай. Алдымызда талай жоспарлы жұмыстар тұр. Соның бірі – тау бөктерімен жер қыртысынан халқымыздың тарихын танып, мәдениетінің дәуірін тауып жүрген сіздей тұлғаның археологиялық мектебін қалыптастыру. Сізде шәкірт жоқ емес, Шәкәрім университеті солардың басын қосатын және сіз сияқты туған жеріне адал білімді археологтарды оқытып шығаратын оқу орнына айналу керек», -деді.
Еліміздің және шетелдік археологтары мен ғалымдары форумға онлайн қатысты. Форум барысында
Шәкәрім университетінің профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Мұхтарбек Қарпықұлы Кәрімовтың «Өмірі ғылыммен өрнектелген тұлға»,
тарих ғылымдарының докторы, профессор, «Берел» қорық-мұражайының бас ғылыми қызметкері Самашев Зейнолла Самашұлының «Тарбағатайдағы көне түріктер заманының ғұрыптық кешені»,
тарих ғылымдарының докторы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры Төлеубаев Әбдеш Тәшкенұлының «Елекесазы алтын сәйгүлігі және сақ-скиф археологиясының кейбір мәселелері» атты баяндамалары тыңдалды.
Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейінің директоры Тұрдықұл Шаңбай бастаған қала зиялылары мен қайраткерлері ғалымды арнайы құттықтап, сый-тарту беріп құрмет көрсетті.
Шараны ұйымдастыруда университет ұстанымы үдесінен шыға білген - Гуманитарлық-экономика факультеті. Факультет деканы Бактыгуль Бодауова, Тарих және құқық кафедрасының жетекшісі Назигул Газизова.
Сөз соңы. Атаулы кітапхананы аралап өткен жан ғалымның ғылым жолындағы шығармашылық лабороториясын танып, «Амантай Исин» әлеміне саяхат жасағандай болады. Кездескен жанмен шешіліп сөйлей бермейтін, томаға мінез ғалымның жаны мен әлемін танығыңыз келсе атаулы кітапханаға келіңіз, сонда тарих пен ел құндылықтарына ғалым көзімен баға бере аласыз!