Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі09 желтоқсан 2021

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ-ТӘЖІРИБЕЛІК КОНФЕРЕНЦИЯ: «ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЭКОНОМИКАСЫ ЖӘНЕ БІЛІМІ: ҚАЗІРГІ ЖАҒДАЙЫ МЕН ЖАҢА СЕРПІЛІСТЕРІ»

Бүгін, яғни 2021 жылдың 9 желтоқсан күні Шәкәрім университетінде экономика ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Қазақстан Ұлттық Жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, ҚР Педагогикалық ғылымдар академиясының академигі, Оксфорд академиялық одағының құрметті профессоры Нәдірбек Әпсәлемұлы Әпсәлемовтің туғанына 80 жыл толуына арналған «ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЭКОНОМИКАСЫ ЖӘНЕ БІЛІМІ: ҚАЗІРГІ ЖАҒДАЙЫ МЕН ЖАҢА СЕРПІЛІСТЕРІ» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
 
Ғылыми шара тарихи маңызы бар салтанатты шарамен басталды. М.И.Глинка атындағы көшеде орналасқан Бас ғимарат іргесіне қойылған професор Нәдірбек Әпсәлемұлы Әпсәлемовқа арналған мемориалдық тақтаның ашылуымен басталды.
 
Аталмыш рәсімге Басқарма төрағасы Б.Ердембеков, жоғарғы оқу орындарының басшылары, банк басшылары, сондай-ақ Қазақстан Республикасының отандық және шетелдік ғалымдары, профессор-оқытушылар құрамы, Нәдірбек Әпсәлемовтың жары Зоя Темірханқызы, балалары, студенттер қауымы қатысты.
 
Алғы сөз университет басшысы Б. Ердембековке берілді. Бауыржан Аманкелдіұлы Нәдірбек Әпсәлемұлының оқу орнының әлеуетін көтеруге, стратегиялық дамуына үлес қосып, университеттің ішінде «экономика және қаржы» саласында айрықша еңбек сіңіргендігін айтып, білім шаңырағында профессорге арналған тақтаның ашылуы жастарға үлгі-өнеге болатынын алға тартты.
 
Мемориалды тақтаны ашу құрметі Шығыс Қазақстан Облысының Құрметті азаматы Сапоров Болат Сапорұлы мен Нәдірбек Әпсәлемовтың немересі Әпсәлемов Әлішерге берілді. Рәсімде сөз сөйлеген әріптестері мен замандастары ШҚО Құрметті азаматы Болат Сапоров, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Арап Еспенбетов, ветеринария ғылымдарының докторы, профессор Зейнолла Тоқаев жылы естеліктерімен бөлісті.
 
Бұл игі іс еліміздің әр бұрышынан келіп, қасиетті қарашаңырақта білім алып жатқан студенттерге ұлттық болмыс пен отанды сүю, ғылымды құрметтеу, адал еңбек ету мәртебесін тағы бір сезіндіртті.
 
Мемориалдық ескерткішінің салтанатты ашылуынан кейін, еліміздің әр аймағынан жиналған қонақтар Тәңірберген көшесінде орналасқан ғимараттың мәжіліс залына жиналып, өнегелі өмірдің өрелі өрімдерімен бөлісті.
 
Профессор Н.Ә.Әпсәлемовтың ғылыми-әдістемелік еңбектері жинақталған көрмесі ұйымдастырылды. Академик өміріндегі естелік суреттерді тамашалап, ұлағатты ұстаз бейнесін еске алды.
 
Аталмыш конференцияның модераторы болып, техника ғылымдарының докторы, профессор Әмірханов Құмарбек Жүнісбекұлы болды.
 
Конференция барысында Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Т.Жақсылықовқа берілді. Конференцияның онлайн режимінде ҚР ҰҒА академигі, техника ғылымдарының докторы, ҚазҒЗИ қайта өңдеу және тамақ өнеркәсібі Астана филиалының профессоры Чоманов Урусбек Чоманұлы, Бердалиев Кенес Бердалиұлы - Нархоз университетінің профессоры, Кравченко Анатолий Васильевич-техника ғылымдарының кандидаты, Новосібір мемлекеттік техникалық университетінің Корпоративтік ақпараттық жүйелер кафедрасының профессоры, Фадейкина Наталья Васильевна - қаржы және банк ісі Сібір академиясының ректоры, экономика ғылымының докторы, профессор, Гамарник Геннадий Николаевич-экономика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, "Парасат" және "Құрмет"ордендерінің иегері сөз сөйледі.
 
Заң ғылымдарының докторы, профессор, Әлихан Бөкейханов университетінің проректоры М.Матаева «Становление экономических взглядов академика Национальной академии естественных наук Н.А.Апсалямова», техника ғылымдарының докторы, ҚазҒЗИ қайта өңдеу және тамақ өнеркәсібі Астана филиалының профессоры С. Туменов «Н.Ә.Әпсәлемовтың Қазақстанның жоғары мектебін дамытудағы қызметі», э.ғ.д., профессор, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Менеджмент кафедрасының меңгерушісі Б. Толысбаев «Н.Ә.Әпсәлемовтың мектебі: қалыптасуы мен даму бағыты», техника ғылымдарының докторы, «Семей қаласының Шәкәрім атындағы университеті» КеАҚ профессоры Қ. Амирханов «Ұстаз. Ғалым. Тұлға» тақырыптарында баяндама оқыды.
 
Шара соңында экономика мен заманауи білім берудегі инновацияны дамытуға өз көзқарастарын білдіруге, әріптестердің еңбектерімен бөлісуге, тәжірибе алмасуға мүмкіндік бере алатын алаң құра алғандығы жайлы айтты.