Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі07 желтоқсан 2021

ЖЕЛТОҚСАН ОҚИҒАСЫНЫҢ КУӘГЕРЛЕРІМЕН КЕЗДЕСУ өтті

Ел егемендігінің 30 жылдығына және Желтоқсан оқиғасының 35 жылдығына орай Шәкәрім шаңырағында "ЖЕЛТОҚСАН ОҚИҒАСЫНЫҢ КУӘГЕРЛЕРІМЕН КЕЗДЕСУ өтті.
Тарихи-танымдық шараның негізгі мақсаты: желтоқсан құрбандарының ерлігін, жалынды жырларын студенттер көңіліне ұялату, патриоттық тәрбие беру, Тәуелсіздікті құрмет тұту.
Жиынға кеңестік империяның іргесін шайқалтқан қазақ жастарының толқуын көзімен көрген, нәзік жанды, қайсар мінезді қаһарман ұстаздарымыз Айтжанова Жанат Наукенқызы мен Майшекина Гульмира Советқызы қатысып, студенттерге естеліктерімен бөлісті.
Тағылымды іс-шараны Университеттің әлеуметтік мәселелер және жастар саясаты департаментінің басшысы Мақсат Серікұлы ашып, ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен құттықтап,Қазақстанның еркіндігі мен бостандығы жолында бастарын бәйгеге тіккен қанды желтоқсан оқиғасының қаһарман жастарының ерліктері жайлы тілге тиек етті.
Шара аясында Шәкәрім шаңырағының дарынды студенттері Задан Аян Абайдың "Сегіз аяқ", Нұрлыбек Темірбекұлы "Молдабайдың әні" әнін әуелете орындап, жырдан тарту етті.
Тарихи-танымдық шара аясында Майшекина Гульмира Советқызы: «1986 жылы Қазақ педагогика қыздар мемлекеттік институтының 3 курс студенті болғанмын. Желтоқсан оқиғасының алғашқы күні күнделікті дәрісімізге бардық. Түскі уақытта жатахананың төртінші қабатына көтерілгеніміз сол еді, «Қазақты қазақ қана басқару керек, шығыңыздар қазақтың қыздары! » - деген жастардың жан айқайы естілді. Бәріміз балконға шығып қарасақ: бір топ қазақтың жастары. Жастар арасында ер балалар көп болды. Өйткені біздің жанымызда тері зауытының жатаханасы орналасқан болатын. Біз бәріміз жиналып, Шәмші Қалдаяқовтың «Менің Қазақстаным» өлеңін хормен айтып, алаңға қарай бет алдық. Алаңға сағат екілер шамасында бардық. Біздің мақсат тек бейбіт шеру болды, қантөгіс болады деп ойламадық» - деп көзіне жас алды.
Әрине, етігімен су кешкен сол бір ауыр күндерді еске алу оңай болған жоқ.
Тәуелсіздік туын тігуге қаншалықты күш‑қайрат керек болса, оны құлатпай ұстауға да соншалықты күш‑жігер керек екенін бүгінгі жастар түйсігімен сезінгені сөзсіз.
Ел басына күн туған қиын-қыстау күндерде халқына сүйеу, жұртына қамқор болған қаһарман ұстаздарымызға кездесу соңында университет тарапынан алғыс хаттармен марапатталып, сыйлықтар табысталды.