ШӘКӘРІМ УНИВЕРСИТЕТІ СТУДЕНТТЕРІ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ПІКІРСАЙЫС ТУРНИРІНДЕ ЖЕҢІМПАЗ АТАНДЫ
Елімізде жастардың азаматтық белсенділігін арттыруға, пікір алмасу мәдениетін қалыптастыруға бағытталған жобалардың бірі – «AMANAT» партиясының кубогіне арналған Республикалық пікірсайыс турнирі.
Биыл аталған дода жоғары деңгейде өтіп, оған Қазақстанның түкпір-түкпірінен жүздеген жас қатысып, өз білімдері мен зияткерлік қабілеттерін сынға салды. Осындай ауқымды додада Шәкәрім университетінің студенттері оза шауып, үздік нәтиже көрсетіп, жеңіс тұғырынан көрінді.
Пікірсайыс турнирін «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» Жастар қанаты ұйымдастырды. Жоба жастардың қоғамдағы маңызды мәселелерді талқылауына, сыни ойлау дағдыларын дамытуына, пікірталас мәдениетін жетілдіруіне айрықша ықпал етуді көздейді. Бүгінде пікірсайыс тек интеллектуалдық жарыс қана емес, жастардың тұлғалық дамуына, көшбасшылық қасиеттерін ашуға мүмкіндік беретін тиімді құралға айналды.
Турнирге еліміздің 20 аймағынан 60 үздік команда іріктеліп, қатысушылар арасында бәсеке жоғары деңгейде өтті. Пікірсайыс қазақ және орыс тілдерінде өткізілді. Сонымен қатар, пікірсайыс Американдық және Британдық парламенттік форматтарда өрбіді. Бұл екі формат та қатысушылардан жоғары деңгейдегі дайындықты, логикалық ойлауды, жылдам аргумент құрау қабілетін талап етеді. Осы ретте Шәкәрім университеті студенттерінің білімі, тәжірибесі мен жауапкершілігі ерекше байқалды.
Білім беру жоғары мектебінің студенттері Серікқазы Нұрқадыр мен Арчин Дидар турнирдің жеңімпаздары атанды. Олар шеберліктері мен интеллектуалдық әлеуетінің арқасында университет абыройын асқақтатты. Бұл жеңіс – Шәкәрім университетіндегі пікірсайыс мектебінің дамығанын көрсететін айқын дәлел.
Турнирдің жалпы жүлде қоры 3 миллион теңгені құрады. Бұл да пікірсайыс қозғалысының елімізде қаншалықты қолдау тауып отырғанын, жастарға жасалып жатқан жағдайдың маңызын көрсетеді.
Жарыс барысында қатысушылар еліміздегі саяси, әлеуметтік, экономикалық және мәдени мәселелерді талқылап, өз көзқарастарын дәлелдеуге тырысты. Мұндай алаңдар жастардың қоғамға деген белсенді қатысуын арттырып қана қоймай, олардың болашақта көшбасшы, мемлекеттік қызметкер, саясаткер немесе қоғам қайраткері ретінде қалыптасуына ықпал етеді.
Шәкәрім университеті студенттерінің бұл жеңісі – жоғары оқу орнындағы тәрбие мен білім беру сапасының жоғары деңгейін дәлелдейді. Университет басшылығы мен оқытушылары студенттерді үнемі қолдап, пікірсайыс мәдениетінің дамуына жағдай жасап келеді. Бұл – соның нақты жемісі.
Жеңімпаздарды құттықтай отырып, алдағы уақытта да биік белестерді бағындыра береді деп сенеміз!
Шәкәрім жастарының бұл табысы – өңір университеттерінің де республикалық деңгейде бәсекеге қабілетті екенін көрсеткен жарқын үлгі болды.
-1763363326.jpg)
