ШӘКӘРІМ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ПРОФЕССОР МҰХИТ ЕСЕНҰЛЫ БЕЛГІБАЕВТЫҢ 90 ЖЫЛДЫҚ МЕРЕЙТОЙЫНА АРНАЛҒАН СЕМИНАР ӨТТІ
Шәкәрім университетінде көрнекті ғалым, география ғылымдарының докторы, профессор Мұхит Есенұлы Белгібаевтың 90 жылдық мерейтойына арналған «Географияны оқытудың заманауи технологиялары және ғылыми жобаларды тиімді жазу» тақырыбындағы қалалық семинар өтті.
Мұхит Есенұлы Белгібаев – топырақты жел эрозиясынан қорғау мәселесін зерттеу бағытында еліміздегі жетекші мамандардың бірі. Ол физикалық география саласында табиғаттағы жел әрекетімен байланысты құбылыстардың пайда болу себептері мен даму заңдылықтарын зерттеп, олардың қоршаған ортаға және халық шаруашылығына әсерін ғылыми тұрғыда дәлелдеді. Ғалымның бастамасымен география ғылымына жаңа бағыт – эолология енгізілді. Бұл сала эолдық процестерді терең зерттеуге жол ашқан маңызды ғылыми жаңалықтардың бірі саналады.
Семинардың ашылуында Шәкәрім университетінің ректоры Думан Орынбеков қатысушыларға сәттілік тілеп, мерейтой иесін құттықтады. Өз сөзінде ол ғалымның еліміздегі география ғылымының дамуына қосқан зор үлесін атап өтті.
«Мұхит Есенұлы – туған жер табиғатын терең зерттеп, ғылыми бағытқа айрықша еңбек сіңірген тұлға. Ұлағатты ұстаз ретінде талай шәкірт тәрбиелеп, ғылым жолына бағыт-бағдар берді. Оның еңбектерінде туған өлкенің табиғатын танып-білу ғана емес, жас ұрпақтың туған жерге деген махаббатын арттыру, ғылыми ізденіске баулу идеясы айқын көрініс тапқан. Ғалымның ғылымға адалдығы – бүгінгі буын үшін үлгі», – деді ректор.
Мерейтойға орай университеттің Ғылыми кеңесінің шешімімен Мұхит Есенұлы Белгібаевқа «Шәкәрім университетінің құрметті профессоры» атағы беріліп, арнайы медаль табысталды.
Семинар барысында географияны оқытудың заманауи әдістері, ғылыми жобаларды тиімді жазудың тәсілдері талқыланды. Жиынға қала мектептерінің мұғалімдері, жас ғалымдар және білім саласының өкілдері қатысып, тәжірибе алмасу алаңы қалыптасты.
