Shakarim University-де университеттің рейтингтік көрсеткіштерін және ғалымдардың беделін арттыруда ғылыми басылымдардың маңыздылығы жайлы «Жарияланымнан беделге дейін: университет пен ғалым рейтингі үшін ғылыми үлестің маңыздылығы» тақырыбында семинар өтті. Іс-шараға ғылыми коммуникация және жарияланым белсенділігі мәселелеріне қызығушылық танытқан профессорлық-оқытушылар құрамы, зерттеушілер мен студенттер жиналды.
Ғылыми зерттеулерді ұйымдастыру орталығының үйлестірушісі Е.Евлампиева университеттің және ғалымның беделін қалыптастырудағы жарияланым белсенділігінің рөліне тоқталды. Рецензияланған шетелдік ғылыми басылымдарда мақалалары жарияланған ғалымның түрлі басымдықтарға ие болу мүмкіндігі, оқу орнының рейтингіне жарияланымдардың ықпалы, Хирша индексінің маңыздылығы туралы түсіндірді.
«Ғылыми зерттеулерді ұйымдастыру орталығының» басшысы А.Байқадамова Scopus, Web of Science және ORCID сияқты ғылыми жүйелер мен деректер қорларында профильді жүргізудің негізгі аспектілерімен таныстырды.
Білім беру сапасын бағалау орталығының басшысы Ж. Орынқанова жарияланым белсенділігі халықаралық және ұлттық рейтингтердегі орындарға қалай әсер ететінін айтып, ғылыми жұмыстардың сапасын арттыруға қатысты ойларымен бөлісті.
Университет ғалымдары Э.Окусханова мен А.Сәрсембаева ғалымдар мен университеттердің жарияланым белсенділігі, соның ішінде өсіп келе жатқан бәсекелестік пен ғылыми мазмұнның сапасына қойылатын талаптарды қамтитын қазіргі заманғы сын-қатерлерге тоқталды.
Семинардың соңында қатысушылар практикалық мәселелерді талқылап, сарапшылардан құнды ұсыныстар алды.