Жаңа оқу жылы басталар алдында жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін «Жазғы мектеп» жобасы аясында Шәкәрім университетінің Агробиолабораториясында оқу орнының оқытушылары мен қызметкерлері үшін "Шыңға бірге шығамыз" атты командалық білім беруге арналған көшпелі крауд-тренинг өткізілді. Табиғат аясында өткен іс-шара университеттің құрылымдық бөлімшелері, әкімшілігі, декандары, олардың орынбасарлары мен кафедра меңгерушілері арасындағы өзара түсіністік пен командалық бірлікті нығайтуға бағытталды.
Агробиолаборатория – университеттің 70 жылдан астам уақыт бойы жұмыс істеп келе жатқан оқу-практикалық базасы. Соңғы жылдары тоқырап тұрған лаборатория жұмысы биыл – Шәкәрім университетінің 90 жылдығы қарсаңында қайта жанданды. Мұндағы эксперименттік алаңдарда университет ғалымдары Қытай Халық Республикасының Солтүстік-Батыс орман және ауыл шаруашылығы университетінің ғалымдарымен бірлесіп, екі ғылыми жобаны іске асыру үшін жұмыс істеуде. Бұған оқу орнының Жоғары мектебі мен Зерттеу мектебінің ғалымдары түгел жұмылдырылған.
Аталған оқу-практикалық база жұмысымен Агротехнопарк директоры, PhD доктор Шыңғыс Сүлейменов таныстырды. Ол:
- Жобалардың бірі «Шетелдік селекцияның бидай және рапс сорттарының бейімделу қасиеттерін зерттеу ерекшеліктері» деп аталады. Бұл жоба қуаңшылыққа төзімді бидай және рапс сорттарын өңіріміздің табиғат жағдайларына бейімдеу және жерсіну деңгейін зерттеуге бағытталған. Жоба аясында осы дақылдардың өсіп-жетілуіне және биологиялық ерекшеліктеріне метеорологиялық жағдайлардың әсері зерттеледі, сондай-ақ, өнімділік элементтері мен ауруларға, зиянкестерге төзімділігіне салыстырмалы талдау жасалады. Жоба нәтижелері бидай мен рапстың өңіріміздің ауыл шаруашылығына қолайлы сорттарын анықтауға мүмкіндік береді,- деп атап өтті.
Ал жоба жетекшісі, биология кафедрасының аға оқытушысы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Райгүл Садықова «Агробиолаборатория аумағындағы топырақ ортасының агрохимиялық сипаттамаларын кешенді талдау, өсімдік жамылғысының түрлік құрамын анықтау және оны дамыту перспективалары» атты екінші жобамен таныстырды. Ол жоба аясында топырақтың химиялық құрамын зерттеу, ботаникалық биоәртүрлілікті анықтау, ирригациялық жүйе жобасын жасау және жеміс-көкөніс, ағаш, бұршақ дақылдарын отырғызу жұмыстары жүргізілгенін жеткізді. Мұнда ағаштар, бұталар мен шөптесін өсімдіктердің 150-ден астам түрі бар. Олардың ішінде басқа елдерден, өзге климаттық аумақтардан әкелінген өсімдіктер де аз емес. «Өсімдіктердің бейімделу және физиологиялық ерекшеліктерін зерттеу барысында студенттер өздерінің зерттеу дағдыларын қалыптастырады»- дейді Райгүл Садықова.
Айта кету керек, Шәкәрім университеті мен Қытайдың Солтүстік-Батыс орман және ауыл шаруашылығы университеті арасындағы ынтымақтастық туралы келісімге 2024 жылдың шілде айында Қытай басшысы Си Цзиньпиннің Қазақстанға ресми сапары барысында қол қойылды. Бұл ынтымақтастық агротехнологиялардың озық жетістіктерін енгізуге және агроөнеркәсіптік кешен үшін жоғары білікті кадрлар даярлауға бағытталған.