Ақындығы, жазушылығынан бөлек, қазақтың ұлттық музыка өнеріне өзіндік қолтаңбасымен келген алаштың рухани мұрасына өлшеусіз үлес қосқан Шәкір Әбенов қазақ өнерінің алтын қазығы іспеттес. Осы орайда бүгін Шәкәрім шаңырағында Өнер және музыка кафедрасының ұйымдастыруымен «Шәкір Әбеновтің «Алтай аруы» әнінің нотасына талдау» атты ғылыми семинары өтті. Семинарға университет басшылығы, еліміздің зиялы қауым өкілдері мен өнер қайраткерлері қатысты.
Шараның мақсаты – ақын, сазгер Шәкір Әбеновтың «Алтай аруы» әнінің нотасына ғылыми талдау жасау және оның ерекшелігін ғылыми негіздеу.
Семинар барысында Өнер және музыка кафедрасының оқытушысы Қайрат Қабышев «Шәкір Әбеновтің «Алтай аруы» әнінің нотасына талдау» тақырыбында баяндама оқып, әнді нотаға түсірудегі музыка теориясының аспектілермен байланыстырып, мүмкіндігінше әнді сауатты нотаға түсіру ерекшілігін ғылыми түрде негіздеді. Сонымен қатар баяндамашы Шәкір Әбеновтың Абай тартқан үш шекті домбырамен ән жазу дәстүрін жалғастырушы ізбасары екендігін тілге тиек етті.
Ғылыми семинар тақырыбы бойынша сыртқы сарапшылар Т.Қ. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы «Дәстүрлі музыкалық өнер» кафедрасының доценті, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Рамазан Стамғазы және әнші, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясының доценті, қауымдастырылған профессор Еркін Шүкіманов баяндама тақырыбына оң бағасын беріп, дәстүрлі әндерді заманауи нақышта орындау туралы өз ұсыныстарын айтты. Сондай-ақ, өнердің ғылымға негізделуі керек екендігін сөз етті.
Шара соңында қатысушылар Ш.Әбеновтың өнегелі өмір жолы, оның ұрпаққа қалдырған мол мұрасы қай кезде де ұлтымыздың рухани қазынасы екендігін атап өтті.