Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі07 қазан 2023посвящение, студенттерді қабылдау

SHAKARIM FEST – 2023: СТУДЕНТТЕРДІҢ ҚАБЫЛДАУ КЕШІ

Еліміздегі алдыңғы қатарлы жоғарғы оқу орындарының бірі әрі бірегейі – Шәкәрім университеті күні кеше табалдырық аттап, жоғары оқу орнына түссем деген ізгі ой қалықтаған бірінші курс жеткіншектерін дәстүр бойынша студент қатарына қабылдады. Бұл әсерге толы сәт университеттің ұйымдастырған «Студенттер қатарына қабылдау» салтанатында көрініс тапты.

 

Мерекелік кеш шымылдығы «Вирус», «Васаби», «Импульс» би топтарының «Заманауи» биімен ашылды.

Құттықтау сөз сөйлеген университет басшысы Думан Орынбеков қиялдарын қанаттарына байлап, армандарын арқалап келген студенттерге сәттілік тіледі.

 

-Бүгін сіздер үшін ерекше сәт. Сіздер еліміздің ең үздік университеттерінің біріне қабылданып, салтанатты түрде студенттік билетке ие болғалы тұрсыздар. Алдарыңызда үлкен білім жолы күтіп тұр. Құрметті студенттер, барлықтарыңызды осы қуанышты күнмен құттықтай отырып, университеттің биік мәртебесіне лайықты болуға және еліміздің нағыз патриоты болуға шақырамын. Өз білім ордаларыңызды құрметтеп, болашақта білікті маман ғана емес, саналы адам болып қалыптасуларыңызды тілеймін!», – деп ыстық лебізін білдірді.

 

Одан соң университет басшысы университетте 4 жыл бойы білім нәрімен сусындаған, қоғамдық жұмыстарға белсене қатысқан Студенттік Парламенттің спикері Мерей Сырымұлына “Шәкәрім грантын” табыстады. Осы ретте дауыс нәтижесі бойынша Филология факультетінің 3 курс студенті Еркеназ Шағыманова Студенттік Парламенттің жаңа спикері болып тағайындалды.  Сонымен қатар студент атанған бақытты жастарға “Студенттік билет табысталып, университет өнерпаздарының орындауында «Шәкәрім маршы»» әні орындалды.

 

Қабылдау кеші одан әрі концерттік бағдарламаға ұласып, жиналған көпшілік әуезді кештің куәгері болды. 

Дәстүрлі кеште 1 курс студенттері университеттің басшылығы мен профессор-оқытушылар құрамы алдында оқу ордасының бетке ұстар шәкірті болуға, оның абыройын асқақтатуға, бәсекеге қабілетті маман болуға ант етті.

 

Концерттік бағдарламада шырқалған әсем әндер мен қазіргі заманға сай жастар билері қалың көрерменге қуаныш сыйлады.  Мұны Шәкәрім жастарының жарқыраған үндерінен, күлімдеген күлкілерінен анық байқауға болады.

Бұдан бөлек, кеш барысында лотерея ойнатылып, көңілді мереке би кешіне ұласты.

Талай студенттің биік шыңдарға жетуіне себепкер болған қасиетті мекен,  үздіктер үкілеген білім ордасы – Шәкәрім шаңырағына қош келдіңіздер!