Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі26 желтоқсан 2023ядролық медицина, экожүйе

SHAKARIM UNIVERSITY ҒАЛЫМДАРЫ ӨҢІРДІҢ ДАМУЫНА ЗОР СЕРПІЛІС ЖАСАУДА

Қатерлі ауру – қоғамның өзекті мәселесі. Семейде еліміздегі алғашқы ядролық медицина орталығы ашылған болатын. Shakarim University аталған орталықпен тығыз қарым-қатынас орнатып, бірқатар бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларын жүргізіп келді.

 

Осы ретте бүгін Семей қаласындағы Ядролық медицина және онкология орталығында «Ғылым, білім және тәжірибе интеграциясы - сапалы денсаулық сақтау» тақырыбында семинар-кеңес өткізілді. Жиынға Абай өңірінің үш жетекші жоғарғы оқу орнының өкілдері және орталық қызметкерлері қатысты.

 

Семинар барысында Шәкәрім университетінің Ғылым және инновациялар жөніндегі проректоры Жанар Қалибекқызы «Ғылыми ынтымақтастық: пәнаралық интеграцияның мүмкіндіктері» тақырыбында баяндама жасады.

Қатысушылар ғылыми-практикалық Ұлттық орталықты дамытудың түрлі бағыттары туралы пікірлерді талқыға салды.

 

2017 жылы «Техникалық физика» магистратурасы білім беру бағдарламасы аясында алғаш рет «Медициналық физика» траекториясы енгізілді. Бұл траекторияда орталық базасында бейіндеуші және базалық пәндердің бөліктерін зерделеу көзделген. Университет магистратура мен докторантура негізінде бірлесіп маман дайындап келеді. Орталықтың қызметкерлері – кешегі ЖОО студенті.

 

Орталықта заманауи технологияларды қолдана отырып, онкологиялық ауруларды диагностикалау және емдеудің озық технологиялары қолданылуда. Білім ордасы ғалымдары орталық мамандарымен отандық ғылымның дамуына зор серпіліс жасауға әзір. Shakarim University өңірдің инновациялық дамуында ғылымның нақты сектормен байланысын қалыптастыратын экожүйе құруды жоспарға алды.

 

Айта кетерлігі, бүгін Шәкәрім университетінің 3 бірдей жас ғалымы ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің жыл сайынғы Мемлекеттік ғылыми стипендия конкурсының жеңімпазы атанды.