Shakarim University әрдайым тиімді коллаборация орнатуға, стратегиялық серіктестіктер аймағын кеңейтуге ерекше назар аударуда. Себебі, сапалы кадрлар даярлау, ғылыми әлеуетті күшейту, интернационализация және өңір жастарын тәрбиелеу бағыттарында қарқынды даму – тиімді ынтымақтасу арқылы жүзеге асары сөзсіз.
Осы ретте, Shakarim University Абай облысы Білім басқармасымен бірлесіп, облыстың барлық колледж түлектерінің басын қосып, кешенді іс-шара ұйымдастырды.
Университетінің «Қаракөз» студент-жастар театры киелі Абай театрының сахнасында жастарға «Тағдыр ма? Әлде …» қойылымын ұсынды. Бұл қойылым құмар ойындарға тәуелділіктің күрделілігін аша білді. Спектакль арқылы жас өнерпаздар білім алушыларға жаман әдеттен аулақ болуды насихаттағылары келді.
«Мемлекет басшысы халық арасындағы құмар ойынға тәуелділік мәселелерін жан-жақты шешу керектігін тапсырған болатын. Осындай бастама студенттерге өздерінің шығармашылық қабілеттерін дамытып қана қоймай, жастарға әсер ететін әлеуметтік мәселелерге назар аударуға мүмкіндік береді. Себебі, жастар құмар ойындарға тәуелділікке байланысты қиындықтарға тап болады, ал білім беру мекемелері бұл құбылысқа қарсы тәрбиелеуде және жаман індетті алдын алуда шешуші рөл атқарады. Сондықтан да университет белсенділері өңірдің жастары үшін осындай тағылымы мол қойылымды сахналағысы келді»,- деді Шәкәрім университетінің ректоры Думан Орынбеков.
Шараның келесі бөлімінде бітіруші колледж студенттеріне кәсіби бағдар беріліп, жоғары білім алудың бірегей мүмкіндіктері туралы ақпарат ұсынылды. Мәселен, ЖОО өңірлік университеттер арасында алғашқылардың бірі болып жедетілген оқыту бағдарламасын іске қосты. Колледж түлегі небәрі екі жылдан соң бакалавр деңгейінде диплом алуға толық мүмкіндігі бар.
Сондай-ақ, жастарға өз білімдерін шетелдік оқу орындарында шындауға мүмкіндіктердің бар екендігі де аталып өтті. Корея елінің Кьюнгдонг университетімен, Польша елінің Быдгощ Экономика университетімен қос дипломды білім беру бағдарламаларын табысты жүзеге асыруда. Бұл мүмкіндік колледж студенттерінің алдағы болашағына, табысты мансап құруына септігін тигізері анық.
Шара аясында студенттердің Стартап жобалары мен өнер туындыларының көрмесі, студенттік ұйымдардың алаңдары, түрлі викториналық акциялар өткізілді.