Жаздың жаймашуақ күні де келіп жетті. Мектеп оқушылары асыға күткен жазғы демалысқа шықты. Бірі ауылдағы туыстары мен ата-әжелеріне баруды ойласа, кейбірі лагерьлерде тынығуды жөн көреді. Маусым айынан бастап жазғы лагерьлер балаларға есігін айқара ашты. Оның ішінде Shakarim University Шәкәрім жоғары колледжінің «Толағай» жазғы лагері білім ордасының қызметкерлері мен профессор-оқытушылар құрамының балалары мен немерелеріне дәстүрлі түрде қызмет етуде.
1 маусым - Халықаралық балаларды қорғау күнінде балаларға көтеріңкі көңіл-күй, қызықты ойындар ойнатылды, мерекелік іс-шаралар легі ұйымдастырылды. Тәлімгерлер әр балаға ерекше көңіл бөледі, таза ауадағы ойындар, ағылшын тілі, би, музыка, сурет, спорт бойынша дамытуға бағытталған жұмыстар жүргізеді. Лагерь жұмысына колледж студенттерінен құралған машықкерлер де қатысуда. Бұл өз кезегінде болашақ педагог мамандарға балалармен жұмыс істеуде таптырмас іс-тәжірибе алу мүмкіндігі.
Тоғыз ай уақытын мектепте өткізген оқушылар үшін жаз мезгілі ерекше. Олар демалып, жаңа оқу жылына шабытпен келіп, білімін одан әрі жетілдіреді. Балаға жазғы демалыстың берері көп. Келер оқу жылына жақсы дайындықпен келу үшін тыңғылықты тынығу қажет. Шәкәрім жоғары колледж ұжымына сәттілік тілейміз!