Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі03 ақпан 20221

СТУДЕНТТЕР АРАСЫНДАҒЫ ҚҰҚЫҚ БҰЗУШЫЛЫҚТЫҢ АЛДЫН АЛУ

Құқықтық мәдениетті қалыптастырып дамыту – еліміздің болашағын айқындаушы көрсеткіштердің бірі. Университетіміз жас ұрпаққа сапалы біліммен бірге саналы тәрбие беру мәселесін басты назарда ұстайды. Шәкәрім шаңырағында студенттермен жан-жақты жұмыстар жүргізіліп, бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылуда. Осы орайда бүгін Инженерлік-технологиялық факультетінің студенттері құқық қорғау органдары, дін және психолог мамандарымен кездесті.
 Аталмыш кездесуге Әуезов полиция бөлімі бастығының орынбасары полиция подполковнигі А.Тілеубеков, аға учаскелік полиция инспекторы полиция майоры А.Жанұзақов, полиция капитаны А. Нұржанбекқызы, Жастар ресурстық орталығының директоры О.Соғымбай, Семей қаласы бойынша дін мәселелерін зерттеу орталығының ақпараттық түсіндіру және кеңестік көмек көрсету бөлімінің басшысы М.Өмірханов, Педагогика және психология кафедрасының аға оқытушысы, психолог Қ.Адильжанова қатысты.
 Жиында құқық қорғау қызметкерлері студенттер арасындағы құқық бұзушылықтың салдары неге апарып соғатындығын және ол үшін қандай жауапкершілік туындайтыны туралы ақпараттандырып, құқық бұзушылықтың жаппай алдын алу мәселелерін көтерді.
 Семей қаласы бойынша дін мәселелерін зерттеу орталығының ақпараттық түсіндіру және кеңестік көмек көрсету бөлімінің басшысы Мақсат Ерланұлы діни сауаттылық және діни экстремизмнің алдын алу мәселелерін айтып өтті. Сонымен қатар университеттің психологы Құралай Советханқызы қара шаңырақта Әлеуметтік-психологиялық қызмет көрсету орталығы жұмыс жасайтындығын айта кетіп, білім алушыларға консультация алуға болатынын айтты.