Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі24 қазан 2024дөңгелек үстел

«ТҮРКІГЕ ОРТАҚ ҚҰНДЫ МҰРА»

Shakarim University-де ЮНЕСКО деңгейінде аталып жатқан түркі тілдерінің тұңғыш энциклопедиялық сөздігі «Диуани лұғат ат-түрк» еңбегінің 950 жылдығына орай «Түркіге ортақ құнды мұра» тақырыбында халықаралық дөңгелек  үстел өткізілді.

Махмұд Қашқаридың 1072-1074 жылдары Бағдат қаласында жазған түркіше-арабша сөздігіне арналған ауқымды іс-шарада түркітанушы, арабтанушы, PhD, профессор ғалымдар: Зифа-Алуа Әуезова мен Роберт Эрмерс; Қазақстан Жазушылар одағының және Қазақстан ұлттық географиялық қоғамының мүшесі, жазушы, этнограф, өлкетанушы Исмаилжан Иминов,  М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының  «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығының директоры, филология ғылымдарының кандидаты Диар Қонаев пен осы орталықтың  бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы,  профессор Гүлзия Пірәлі т.б. баяндамалары  тыңдалды.

Махмұд Қашғаридың «Диуани лұғат ат-түрк» шығармасын орыс тіліне тәржімалаған Зифа-Алуа Әуезова еңбекті аудару кезінде көптеген жайттарға қаныққанын жеткізді. 

 ««Қазақ әдеби тілі ХVІІІ-ХІХ ғасырларда қалыптасқан» деген кеңестік риторика бекіткен нұсқауға, оның өзінде орыс мәдениетінің ықпалымен қалыптасқан пікірге қарамастан, ХІ ғасырдағы «Диуани» еңбегіндегі өлеңдер, мақал-мәтелдер қазақ тілінің қазіргі мамандарына ешқандай аудармасыз түсінікті болатын үлкен көлемдегі сөздер мен мәтіндерден тұратындығын баса айтқым келеді»- деді ол.

Дөңгелек үстел барысында  «Диуани лұғат-ат-түрк» туындысының жазылу мақсаты, шығарманың тілі, сонымен қатар еңбекте қамтылған тарихи-этнографиялық мәліметтер мен әдеби мазмұны секілді ғылыми деректердің тарихи маңыздылығы талқыланды. 

Түркология ғылымының негізін қалаған ғұлама Махмұт ибн әл-Хұсейн ибн Мұхаммед әл-Қашқаридың  «Түрк тілдерінің сөздігі» еңбегіне арналған басқосуда ғалымдар  бұл екі тілде (түрк-араб) түзілген сөздік қана емес, ол – анықтамалық, түсіндірмелік, талдамалық, зерттеушілік сипатта жазылған іргелі ғылыми еңбек екенін, онда орта ғасырдағы түркі тайпа-ұлыстарының әрқайсысының және бәріне ортақ сөздік қоры, қоныстанған аймағы, тарихы, географиясы, этнографиясы, сөз өнері туралы ғылыми маңызы зор мәліметтер жинақталғанын, түркі тілдерінің тарихи фонетикасы мен тарихи грамматикасының ғылыми сипаттамалары, сондай-ақ, түркі әлемінің картасы берілгені жөніндегі мәліметтерді барынша қамтуға тырысты.