Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі07 шілде 2022түлек, диплом табыстау

ЖАС МАМАНДАР ҚАНАТ ҚАҚТЫ

Ветеринария және агроменеджмент факультеті – өңірдегі аграрлық салада мамандарды дайындайтын жетекші білім ордасы. Университет түлектері өздерінің кәсіптік білімдерін табысты іске асырып, еліміздің ірі мекемелерінде, ветеринария, агрономия, ауыл және мал шаруашалығы, білім және ғылым салаларын дамытуға айтарлықтай үлес қосуда. Енді міне, солардың қатарын биылғы бітіруші түлектер толтырмақ.
Биылғы диплом табыстау кеші университеттің өзіндік үлгідегі алғашқы дипломын ұсынуымен ерекшеленді. Құттықтау сөз университет басшысы Бауыржан Ердембековке берілді.
Басқарма Төрағасы Бауыржан Аманкелді: «Мемлекетте агроөнеркәсіп кешенін дамыту – аграрлық саясаттың маңызды бағыты. Ауыл шаруашылығы болашақта өзін өзі асырауға да, сонымен қатар басқа салалардың дамуына дем беруге де қабілетті. Сіздер отандық ауылшаруашылық білімі мен ғылымының қара шаңырағы Шәкәрім университетінде білім алдыңыздар. Университеттің басты миссиясы – ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген білікті маман мен кемел тұлғаны қалыптастыру. Ұлы Абай, Шәкәрім қажы бабаларының рухы қолдап, абыройларыңыз асқақтай берсін»!- деп түлектерді көптен күткен қуанышпен құттықтады.
Биылғы жылы 300-ге жуық түлек тәмамдап, 40-қа жуық маман үздік диплом иегері атанып отыр. Салтанатты кеште түлектер және ата-аналар сөз сөйлеп, университет басшылығы мен профессор-оқытушылар құрамына жылы лебізін білдірді. Шара соңы Шәкәрім шаңырағының рухына айналған «Шәкәрім маршы» әнімен аяқталды.
ЖАҢА ҚАДАММЕН ЖАРҚЫН БОЛАШАҚҚА, ЖАС МАМАН!